Президенттер қандай көлікпен жүреді?

Мемлекет басшылары қандай көлікпен жүреді? Желідегілер таяуда Қазақстанға келген ҚХР төрағасы Си Цзиньпиннің көлігін талқылаған еді. Massaget.kz тілшісі президенттердің көліктері қандай екенін іздеп көрді.

Си Цзиньпин

Қытай басшысы Си Цзиньпиннің көлігінен бастайық. Ол таяуда Қазақстанға ресми сапармен келген. Сонда Қытай басшысы Ақордаға Hongqi N701 лимузинімен барған еді.

БАҚ мәліметінше, Қытай президенті 1 шілдеде Гонконгқа сапары кезінде осындай көлікпен жүрген.

Шетелдік БАҚ-та қытайлық көліктің код атауы - N701 екені атап өтілді. Бұл үкіметтік лимузиндердің сипаттамалары әдетте мемлекеттік құпия саналады.

Car News China мәліметінше, бұл көліктің ұзындығы бес метрден асады. Көліктің артқы есіктері алдыңғыға қарағанда ұзынырақ.

Джо Байден

Supercar Blondie мәліметінше, америкалық дәстүр бойынша, президент билікке келген соң арнайы жасалған бірегей көлік алады. 

Оның бірегейлігі неде десеңіз, бірінші кезекте - қорғанысы. Көлік темір мен керамикадан жасалған 20 саниметрлік бронмен қорғалған. Автокөліктің салоны толығымен тығыздалған және автоном оттегімен қамтамасыз етілген. Тіпті өрт сөндіру жүйелері де бар. Тағы бір ерекшелігі - салонда президент үшін қан қоры, дефибриллятор да болады екен.


Фото: Carscoops.com

Президент кортежінде 50 көлік болады, соның екеуі - дәл осындай лимузин. Бірі бұзылып қалса, президент екіншісіне отырады. Одан бөлек, біреу қастандық ойласа, Джо Байден нақты қай көлікте келе жатқанын білмейді. 

Президент лимузині Cadillac 1 немесе The Beast ("Жыртқыш") деп аталады екен. 

Владимир Путин

Ал Ресей президенті Владимир Путиннің көлігі - Aurus Senat. Бұл көлік Путинге арнайы жасалған. Aurus Senat көлігінің қорғанысы жоғары деңгейде. Ол салондағы адамды автомат, пулемет және снайпер винтовкасынан атылған оқтан да қорғайды. Көлік су астында үш сағаттан аса тұра алады.


Фото: Kremlin.ru

Бұл көлік шыққан кезде оны Rolls-Royce моделіне қатты ұқсатқандар болды. Ол әдеттегі седаннан бір метрге ұзын. 


Фото: РИА Новости

Motor.ru сайтының мәліметінше, Aurus Senat кейін сатылымға да шықты. Бағасы - 106 900 000 рубль, теңгеге шаққанда 863 миллионнан асады. Бұл бағаға алты Lamborghini Urus кроссоверін сатып алуға болатыны айтылған. 

Эммануэль Макрон

Франция басшысы Эммануэль Макрон франциялық DS-7 компаниясының көлігімен жүреді. Тек көлікті жаңа нұсқасына ауыстырып отырады. Биыл жазда да ол президенттің автопаркін жаңартты. Енді ол DS 7 Elysee жаңартылған нұсқасымен жүреді.


Фото: DS Automobiles

Француз басшысының көлігі аса қымбат емес, қарапайым кроссовер. Тек басқаларына қарағанда салоны үлкендеу және қауіпсіздеу. 

Макрон мінетін көліктің шанағы брондалған, артқы жағында ортасы бөлінген екі кресло тұрады. 

Көлік президент үшін жақсартылған, сондықтан дәл бағасын айту қиын. Бірақ DS 7 Elysee стандарт базасы 60 мың доллардан басталады. 

Ким Чен Ын

Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ын қымбат Mercedes-Maybach Pullman Guard көлігімен жүреді. Ол көлікке заманауи қорғаныс жүйесі орнатылған. Көлікке оқ өтпейді. 


Фото: REUTERS

Ким Чен Ын АҚШ-қа, Владивостокқа сапары кезінде дәл осы Mercedes-Maybach Pullman Guard-пен жүріпті.

Бір қызығы, Associated Press мәліметінше, бұл көлікті шығаратын германиялық Daimler компаниясы Ким Чен Ынға машина қалай тап болғанын білмейді. Себебі компания Солтүстік Кореямен 15 жылдан аса уақыт бойы бизнес жүргізбейді. 

ІІІ Чарльз

Жақында Ұлыбритания патшасы болып таққа отырған ІІІ Чарльздің гаражында Jaguar, Aston Martin көлігі көп. Оған спорткарлар мен кабриолеттер ұнайды екен. 

Ал патша болғаннан кейінгі алғашқы сапарында 1977 жылы шыққан Rolls-Royce Phantom VI көлігімен жүріпті. Rolls-Royce-пен ол Букингем сарайына келген. 


Фото: PA Media

Лимузин, негізі, оның анасы II Елизаветаға тақтағы 25 жылдығына орай беріліп, ұзақ уақыт корольдіктің салтанатты көлігі болған. 

Джасинда Ардерн

Жаңа Зеландия премьер-министрі Джасинда Ардерн ел ішінде Hyundai Ioniq Electric электркарымен жүреді. 


Фото: thedriven.io

Алдыңғы жетекті машина арнайы қорғаныс құрылғыларымен жабдықталмаған. Премьер-министр стандарт жинақтағы көлікті таңдапты. 

Электркардың пайдасы қоршаған ортаға зиян келтірмейді. Оның бағасы 44 мың доллар екен. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!