Прокурорлар Қайрат Сатыбалдыұлын 6 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады

Прокурорлар Қайрат Сатыбалдыұлын 6 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады
Фото: gov.kz

Мемлекеттік айыптаушы Қайрат Сатыбалдыұлын алты жылға бас бостандығынан айыруды сұрады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Прокуратура өкілі Жангелді Есенбаев соттан Қайрат Сатыбалдыұлының мұрасын тәркілеп және белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан 10 жыл мерзімге айырып, алты жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.

"Жазасын өтеу орташа қауіпсіз мекемеде өтелсін, Президентке Сатыбалдыұлын Ұлттық қауіпсіздік органдарының генерал-майоры атағынан, сондай-ақ, "Құрмет" және "Парасат" ордендерінен айыру туралы ұсыныс берілсін. Сатыбалдыұлының ұсталған уақыты қамаудағы 1 тәулік 1,5 тәулік есебімен жаза мерзіміне қосылсын", - деп мәлімдеді прокуратура өкілі Жангелді Есебаев.

Қайрат Сатыбалдыұлы өз кінәсін мойындайтынын және жасаған ісіне толық өкінетінін мәлімдеді.

Айта кетейік, 13 наурызда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет "Қазақтелеком" АҚ-ның лауазымдық өкілетін асыра пайдалану және қаражатын аса ірі мөлшерде ұрлау дерегі бойынша қылмыстық істі тергеп жатқаны белгілі болды. Бұл қылмыстарды жасады деген күдікпен Қайрат Сатыбалдыұлы ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған болатын.

Еске салайық, бұған дейін Астанада Қайрат Сатыбалдыұлының ісі бойынша сот басталғаны хабарланған еді. Кейінірек ол қылмыстық іс бойынша шығынды қайтарғаны белгілі болды.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова