ШҚО-да қаржы бопсалаған алаяқ ақшаны жан-жаққа шашып тастаған

ШҚО-да тұрғыннан 500 мың теңге бопсалаған ер адам ұсталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Шығыс Қазақстан облысының полицейлері бопсалаумен айналысқан ер адамның заңсыз әрекетінің жолын кесу мақсатында кешенді жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізді. Бұл деректі Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері Глубокое ПБ криминал полициясы бөлімшесімен бірлесіп анықтаған.

20 жастағы жәбірленушінің айтуынша, Березовка ауылының тұрғыны өз күшінің басымдығын пайдаланып, одан 500 мың теңге талап еткен.

Полиция қызметкерлері ШҚО ПД арнайы жасақ қызметкерлерін тарта отырып жүргізілген операция барысында жарты миллион теңге аударылғаннан кейін күдіктіні ұстаған, ол тәртіп сақшыларын көргеннен кейін жасырынып, жол бойында заттай дәлелдемелерден құтыла бастаған.

Ер адам өз кінәсін мойындады. Одан заңсыз әрекеттерін растайтын қаражат тәркіленді.

"Қазір күдіктіге қатысты ешқайда кетпеу туралы қолхат түрінде бұлтартпау шарасы таңдалды. Оның әрекеті 7 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі қылмыстық жазаны көздейтін ҚР Қылмыстық кодексінің 194-бабы 1-бөлігі (Бопсалау) бойынша сараланады", - деді ШҚО ПД бастығының орынбасары Алмаз Төкенов.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!