"Топ! Осы сериалды ұзақ күттім". Aitube-тен көруге болатын туындылар

"Топ! Осы сериалды ұзақ күттім". Aitube-тен көруге болатын туындылар

Бұрын теледидар алдына жиналып, кешкі фильм-сериалдарды күтетінбіз. YouTube дамығалы бұл үрдіс өзгерген. Қазір YouTube-тің орнын Aitube басқан. Бір артықшылығы - онда цензура саналатын дүниелер де көрсетіледі. Қазақстандықтар Aitube-тен үзбей көрген қандай қызық сериалдар бар? Қай елдің сериалын бастарыңызды білмей жүрсеңіз, Massaget.kz тілшісі "Қағаз үйден" қалыспайтын қазақстандық сериалдарды ұсынады. 

Жігіттердің басым көпшілігі көріп жүрген "Бажа" сериалы

Aitube Movies 

"Бажа" - комедия жанрында түсірілген 2022 жылғы қазақстандық сериал. Режиссері - Ален Ниязбеков, сериалда Марат Оралғазин, Еркебұлан Мырзабек, Шерхан Пірназар, Ұлболсын Шалхарова, Фариза Ескермес, Жазира Еркін секілді әртістер ойнайды. "Бажа" сериалы 12 бөлімнен тұрады. Әр сейсенбі сайын шығады, ұзақтығы 30 минуттан аспайды.

Сериал бір үйдің үш қызын алған жігіттер туралы. Олардың мінездері, құндылықтары, өмірлік ұстанымдары әртүрлі, бірақ оларды ортақ нәрсе біріктіреді әрі қиын кезде бір-біріне қолдау көрсете алады. Әзірге Aitube-те 5 бөлімі ғана шыққан.

Қазақ кинематографиясын дүр сілкіндірген "5:32"

2021 жылы ТМД көрермендеріне жол тартқан "5:32" сериалы көпшіліктің көңілінен бірден шыққан еді. Сериал детектив, триллер, криминал жанрында түсірілген. Режиссері - Әлішер Өте. Ол сұхбаттарының бірінде сценарий материалы жарты жылдан аса уақыт дайындалғанын айтқан еді. Сондай-ақ, ол екінші маусымы болмайтынын кесіп айтты.

Сериалдың әр бөлімі түрлі сюжетке құрылған, бірақ ортақ байланыс - қанішерлер мен маньяктардың әрекеті, олардың ұсталуы. Ал актерлік құрам басқа сериалдардан ерекше таңдалған, бұрын кино әлемінде танылғандар да бар, танылмағандар да бар: Әбілмансұр Серіков, Марат Әміраев, Сағызбай Қарабалин, Қобыланды Болат, Жалғас Жанғазин. Сериал 12 бөлімнен тұрады. Ұзақтығы 40-45 минутқа дейін созылады.

Жастар ұнатқан Sheker

2021 жылдан бастап шыққан "Шекер" сериалы 2 маусымнан тұрады. Режиссері - Айтөре Жолдасқали. Сценариін жазған - Арыстан Қаунев, сондай-ақ, Азат Жұмәділ, Аңсар Ілиясов сында актерлер өнер көрсеткен. Жанры - криминал, драма, жалпы 8 бөлімнен тұрады. 

Сериалда Алдияр есімді жігіт оқуына қатысты мәселені қылмыс жолымен шешпек болады. Жігіт есірткі тасымалдаушы болады, сөйтіп, есірткі батпағына түсіп, оңай ақша іздейді. Қалған қызықты сериалдан тамашалай аласыздар.

Аудан өмірін, билікті көрсеткен "Сәке" сериалы

2020 жылы көрерменге жол тартқан, 2 маусымнан тұратын сериал - "Сәке". Сериалда Рүстем Омаров, Асан Мәжит, Азамат Әбілдинов, Нышанбек Жұбанаев секілді актерлер ойнайды. Жалпы 16 бөлімнен тұрады. Ұзақтығы 25 минуттан аспайды.

Сериалда аудан әкімі қызметіне келген Саят Саматұлы есімді әкімнің қызмет жолы көрсетіледі. Ол өзінен бұрынғы әкімнен қалған істерді орындап, халыққа жағып, аудан бюджетін қалтасына басуды көздейді. Осылайша, бас кейіпкердің басында шытырман оқиғалар басталады.

ТМД елдері ұнатқан Serjan bratan сериалы

2021 жылы шыққан Serjan bratan сериалы криминал, драма, комедия жанрында түсірілген. Бұл сериалдың да режиссері - Әлішер Өте. Сериалда Дулыға Ақмолда, Рүстем Жаныаманов, Бейнұр Баймұхамбетов секілді белгілі актерлер өнер көрсеткен. 

Сериалда алматылық белгілі рэкетир 23 жыл комада жатып, 2021 жылы есін жияды. Ол ұзаққа дейін айналасындағы өзгерістерді қабылдай алмайды, тіпті жақындарын, әйелін де танымайды. Осылайша, жаңа өмірге бейімделуге тырысады. 

"Тағы бір шедевр", "Керемет, сауатты түсірілген сериал", "Топ, осы сериалды ұзақ күттім", "Тамаша сериал", - дейді сериалға пікір білдірушілер.

"Первая отрицательная" сериалы

Биыл көрерменге жол тартқан тағы бір жаңа туынды - "Первая отрицательная". Режиссері - Модияр Әбдуқадыров. Сериал 16 бөлімнен тұрады әрі криминал, комедия, фантастика секілді жанрлар тоғысында түсірілген. Бөлімдердің ұзақтығы жарты сағаттан аспайды.

Сериалда екі қыз қан алмасатыны, осыдан кейін олардың өмірі түбегейлі өзгеріп кететіні сипатталады. 

"Скорая" сериалы

2022 жылы шыққан жаңа сериалдың бірі "Скорая" деп аталады. Барлығы 12 бөлімнен тұратын сериал ұзақтығы 30 минуттан аспайды. Драма, комедия жанрындағы сериалда Pүcтeм Oмapoв, Peнaт Mұxaмбaeв, Әбунacыp Серіков, Ілияс Kөпжacapoв, Бақытгүл Серікбаева сынды әртістер ойнайды. Бұл туындыда бір сәтке дамыл таппайтын медицина қызметкерлерінің қиын, күрделі жұмыс процесі, кей тұста қызық оқиғалары көрсетіледі.

Еске салайық, бұған дейін танымал түрік сериалдарындағы актерлер қазір қайда жүргені туралы материал жариялаған едік.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова