ІІМ өкілі шетелдік көліктерді заңдастыру тәртібі туралы айтты

ІІМ өкілі шетелдік көліктерді заңдастыру тәртібі туралы айтты
Фото: elements.envato.com

ІІМ өкілі шетелдік көліктерді заңдастыру туралы айтты, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Мемлекет басшысы биыл 1 қыркүйекке дейін Қазақстанға әкелінген шетелдік автокөліктерді заңдастыру міндетін жүктеген болатын. Қазір бұл үшін мемлекеттік органдар барлық қажет заңнамалық және ұйымдастырушылық шарасын қабылдап жатыр. Экологиялық және Салық кодекстеріне түзетулер әзірленген. Азаматтар бастапқы тіркеу үшін 200-250 мың теңге көлемінде ғана алым төлейді. Заңдастыру кезінде утильалым төленбейді.

"Кодекстерге түзетулер келесі жылдың қаңтарынан бастап енеді, сондықтан заңдастыру келесі жылдан бастап жүргізіледі. Биыл 1 қыркүйекке дейін елге әкелінген автокөліктердің тізімі жасалды. Кейінірек әкелінген автокөліктер заңдастырылмайды және жалпы негізде тіркеледі. Бүгінде ІІМ және басқа да мемлекеттік органдар автокөліктерді заңдастыруды барынша қарапайым және түсінікті ету тәсілдерін әзірлеп жатыр. Автокөліктерді заңдастыру үшін полицияға онлайн-өтініш беру мүмкіндігі пысықталып жатыр. Полициямен байланыс орталықтарының жұмысы ұйымдастырылады. Тіркелген көліктерге қарапайым ақ нөмірлер беріледі, полиция қандай да бір шектеулер қоймайды. Еуразиялық экономикалық одақтың тауары саналмайтын автокөліктер кедендік баждарды төлеуі тиіс. Бұл үшін Қаржы министрлігі азаматтарға қолайлы кедендік декларациялау тетіктерін әзірлеп жатыр", - ведомство өкілі.

ІІМ өкілінің айтуынша, көліктің шығарылған жылы, экологиялық санатына талап қойылмайды.

"Заңдастыруды өткізудің барлық шарты әзірленгеннен кейін Үкіметтің тиісті қаулысы қабылданады. Заңдастыруға қылмысқа қатысы бар және кедендік бақылаудан өтпеген автокөліктер кірмейді. Автокөліктердің шығарылған жылына және экологиялық санаттарына қарай талаптар жоқ. Қалған талаптар бойынша шешім ұлттық және халықаралық заңнаманы ескере отырып, қабылданып жатыр. Сондай-ақ, жол ережесін бұзудың кейбір түрлері бойынша жауапкершілікті күшейту болғанымен, полиция шетелдік автокөліктер бойынша ешқандай арнайы рейд іс-шаралар жүргізбейтінін де хабарлағымыз келеді. Сақтандыру немесе автокөлік иелерін қудалау мәселелері бойынша әлеуметтік желілерде түрлі ақпарат тарап жатыр. Сондықтан сіздерді тек мемлекеттік органдардың ресми ақпаратына сенуге шақырамыз! Қазір үкімет үшін Мемлекет басшысының автокөліктерді заңдастыру жөніндегі тапсырмасын орындау басым міндет саналады. Полиция жол қозғалысын қадағалау кезінде шетелдік автокөліктерді заңдастыру қажеттігі туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізуге бағдарланады. Сонымен қатар, барлық автокөлік иесінен жол қозғалысы ережелері мен жолдардағы қауіпсіздік шараларын сақтауды сұраймыз”, - деді ведомство қызметкері.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова