Астана атауы қайтарылса, құжаттарды ауыстырудың қажеті жоқ - министр

Астана атауы қайтарылса, құжаттарды ауыстырудың қажеті жоқ - министр
Фото: Тұрар Қазанғапов

Әділет министрі Қанат Мусин елорданы Астана деп өзгерткен жағдайда қазақстандықтарға құжаттарды ауыстырудың қажеті жоқ екенін мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Парламент палаталарының бірлескен отырысында депутаттар министрден елорданы қайта атау туралы шешім қабылданған жағдайда қажет болатын рәсімдер туралы сұрады.

"Азаматтарға құжаттарды ауыстырудың қажеті жоқ. Бұрынғы атауы көрсетілсе, ол жарамды деп саналады. Халыққа қызмет көрсету орталықтары азаматтардың құжаттарын бұрынғы режимде қабылдайды. Қаржы шығындарына қатысты қалалық мәслихат елорданы қайта атау мәселесін қараған кезде қосымша шығындар болмайтынын айтты.

Көше атауын, маңдайшаларды өзгерту... Оларды шұғыл түрде өзгерту қажет болмайды. Бұл процестер жоспарланған бюджет қаражатына байланысты жоспар режимінде өтеді. Бүгінде құжат айналымы цифрлық форматта жүргізіліп жатыр, осыған байланысты қосымша шығын болмайды", - деді Қанат Мусин.

Еске салайық, бұған дейін Қаржы министрлігі өкілі Парламент Қазақстан астанасына бұрынғы атауын қайтару туралы шешім қабылдаса, қосымша ақша талап етілмейтінін айтқан еді. Сондай-ақ, депутат елорда атауын өзгертуге жұмсалатын шығын туралы айтқан болатын.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова