Елорда әкімі қала атауын өзгертуге қатысты пікір білдірді

Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов Нұр-Сұлтан атауын Астана деп өзгерту туралы айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Әкімнің айтуынша, биыл елорда атауын өзгертуге кететін шығын 2019 жылмен салыстырғанда әлдеқайда аз болады.

"2019 жылдың бюджетін қарадық, қала атауы өзгерген кезде, қағаз жүзінде көп процесс болды. Қазір көпшілігі, іс жүзінде барлық құжат онлайн режимінде жүргізіледі, сондықтан шығындар әлдеқайда аз болады. 2019 жылы есептедік – шамамен 30 миллион теңге. Бұл - маңдайшалар, бланктер. Қазір мəслихат осындай шешім қабылдаса, бəрін бір күнде өзгерткелі жатқан жоқпыз", - деп жауап берді Көлгінов Бейбітшілік пен келісім саябағында өткен ағаш отырғызу салтанатында.

Журналистер әкімнен қалаға бұрынғы атауының қайтарылуына байланысты қандай сезімде екенін сұрады.

"Қала тарихына үңілу керек. Қаламыз Целиноград, Ақмола, Астана, Нұр-Сұлтан деп аталды, қазір атауы қайта өзгертіліп жатыр. Әрбір тарихи кезеңге құрметпен қарау керек деп ойлаймын. Біреу Целиноградта, біреу Ақмолада туып өсті. Мысалы, менің балаларым Астанада дүниеге келді, қазір мен Нұр-Сұлтан қаласының әкімімін, сондықтан әр кезеңге үлкен құрметпен қарау керек. Біз үшін ең бастысы - қоғамның пікірі. Ұсыныс айтылды, қазір барлығы мұны талқылап, рәсімдер жүргізіліп жатыр", - деп жауап берді Алтай Көлгінов. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!