"Симпсондар" Ресей - Украина соғысын дәл болжағаны рас па?

Америкалық танымал "Симпсондар" мультсериалы 2022 жылы Ресей мен Украина соғысатынын болжаған деген ақпарат тарады. Бұл - жалған ақпарат. Мультсериал әлемдегі ең маңызды жаңалықтарды дәл болжайды деген түсінік қалыптасып қалған. Бірақ оның көбін фанаттар қолдан жасап жүр. Massaget.kz тілшісі "Симпсондар" болжады деген жалған ақпараттарды жинады.

Ресей - Украина соғысы

Мультфильм 2022 жылы Ресей Украина жеріне әскер алып кіретінін де болжады деп, желіде сериал кадры тараған. Онда сериалдың бас кейіпкері Гомер Украина әскерінің киімін киіп, қолына сол елдің туын ұстап алған. Қаруында 2022 жыл деп жазылыпты. 

Ал оның қасында Ресей президенті Владимир Путинге ұқсайтын адам тұр, оның жейдесінде "КСРО" деп жазылған. 

Алайда бұл сурет өзгертілген, "Симпсондарда" Ресей - Украина соғысы туралы ештеңе айтылмайды. Жалпы, бұл суреттің өзі бірнеше эпизодтардан құралған. Қару ұстап тұрған Абрахам Симпсон 30-маусымнан алынған, бірақ суретте Украина туы мен 2022 жыл деген жазу жоқ. 

Ал Украина туын желбіретіп ұстап тұрған кадр 17-маусымның 8-эпизодында көрсетілген. Тек онда Гомер Украина емес, АҚШ туын ұстап тұр. 

Путиннің бейнесі "Гомер дауыс беруге барады" атты қысқаметраж эпизодтан алыныпты. Бірақ онда Путиннің жейдесінде КСРО емес, америкалық Red Sox бейсбол командасының атауы жазылған. 

ІІ Елизаветаның өлімі

"Симпсондар" мультфильмі ІІ Елизавета 2022 жылы қайтыс болатынын дәл болжаған ба? TikTok-та таралып жатқан видеоларда патшайым табытта жатқаны, онда 1926-2022 деп жазылғаны көрсетілген. Бұл мультфильмнің бұрынғы шығарылымдарында бар көрініс делінеді.

Алайда бұл суреттегі эпизод мүлде өлім туралы емес. 15-маусымдағы эпизодта Mini Cooper мінген Гомер патшайым отырған күймені байқаусызда соғып кетеді. Осы кезде кішігірім жарақат алған патшайым орнынан тұрып, Гомерге жақындайды.

Қайтыс болды деп таралып жүрген суреттің кадры мультфильмнің осы үзіндісінен алынған. Оны патшайым киген көйлектен де, сол көйлектің жыртығынан да байқаймыз. Ал арғы тұсындағы қайтыс болған мерзімі кейіннен фотошоппен жазылған.

Джордж Флойдтың өлімі мен АҚШ-тағы наразылық

"Симпсондар" болжаған екен деп Желі қолданушылары аң-таң болған тағы бір жайт - АҚШ-та полицей қара нәсілді Джордж Флойдты өлтіруі және содан кейін басталған наразылық. 

Желідегілер, мысалы, "Симпсондар" Джордж Флойд ісін дәл болжады деп шулады. Шеф Виггам кадрда қара нәсілді ер адамды аяғымен басып тұрады, ал Лиза Симпсон "Джордж үшін әділет" деген плакат ұстап тұрады. 

Негізі мұндай эпизод мультсериалда болмаған. Оны мультипликатор Yuri Pomo жасаған және ол Флойдтың өлімінен кейін жарияланған. 

Джордж Флойдтың өлімінен кейін АҚШ-та болған жаппай наразылық та "Симпсондарда" көрсетілгені айтылады. Мысалы, Ақ үйде барлық жарық өшірілгені немесе алау ұстаған адамдар.

Бірақ жарығы сөндірілген Ақ үй де "Симпсондарда" жоқ. Оны мультсериал стилінде Fox телеарнасы дайындаған. 

Ал мультфильмде қолына алау ұстаған адамдардың ел билігіне наразылық ұйымдастыруына, нәсілшілдікке түк қатысы жоқ. Ол "Симпсондар кинода" фильмінен алынған. Кадрдағы ашулы адамдар Гомердің отбасына келе жатады.

Нотр-Дамдағы өрт

2019 жылы сәуірде Нотр-Дамда алапат өрт болған кезде де жұрт ол "Симпсондарда" болғанын айтып шулаған. Желіде тараған кадрда өртеніп жатқан Нотр-Дам бейнеленген. Ал оның алдында күліп тұрған мистер Бернс көрсетілген. Бұл эпизод 2007 жылы көрсетілгені айтылады.

Ал, шын мәнінде, бұл кадр фотошоппен өзгертілген. Сурет 2007 жылы шыққан 19-маусымнан алынған. Түпнұсқа кадрда шіркеу өртеніп жатқан жоқ және мистер Бернс те көрсетілмейді.

Коронавирус пандемиясы

2020 жылы коронавирус дүниежүзіне жаппай тараған кезде де бұл оқиғаны кейбірі "Симптомдардан" тауып алған. Дәлел ретінде 1993 жылы мультсериалдың 4-маусымындағы кадрларды келтірді.

Онда "Симпсондар" коронавирус Қытайдан басталатынын дәл болжады деді желідегілер.  

Бірақ мұны коронавирус болжамы деп айтуға келмейді. Себебі мультсериал сюжетінің желісі бойынша, ол Жапонияның Осака қаласынан басталады және вирус Спрингфилдке қораптар арқылы келеді. Ал COVID-19 бір елден басқа елге қораптар арқылы тарамайды.

Тағы бір кадр 2010 жылы шыққан 22-маусымнан алынған. Желідегілер телеарнада "коронавирус" деп жазылып тұрғанына таңғалып, нағыз болжам десіп жатты. 

Бірақ бұл да - фотошоп. 6-эпизодта "мысық тұмауы" тарағаны айтылып, телеарнада Apocalypse Meow деп жазылған. Біреулер мұны фотошоппен өзгертіп, Corona virus деп өзгертіп қойған.

Негізі "Симпсондарда" өмірдегі кейбір оқиғаларға ұқсас сюжеттер бұрын шыққан. Мысалы, Дональд Трамптың президент болуы. Бірақ мультсериалдың шоураннері Эл Джиннің айтуынша, олар тек 2000 жылы болашақта президент болуы мүмкін танымал адамды іздеп, Трампты таңдаған. Сөйтіп, дөп түсіпті. Бірақ оны болжам емес, кездейсоқтық дейді. 

"Егер өте көп болжам жасасаңыз, оның 10 пайызы орындалуы да мүмкін", - дейді Эл Джин. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!