Арменияға қазақстандық бітімгерлерді жіберу мәселесі қарастырылмады - СІМ

Премьер-министрдің орынбасары-сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді қазақстандық бітімгерлерді Арменияға жөнелту мәселесі қарастырылмағанын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Бұл мәселе қарастырылмады. Кеше ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінде Армения премьер-министрі ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің басшыларын Әзербайжан мен Армения арасындағы шекарадағы жағдай туралы хабардар етті. Жалпы ақпарат айтылды, бірақ біз объектив ақпарат алғымыз келді, өйткені екі жақтан да түрлі ақпарат келіп түседі. Сондықтан мемлекет басшылары ҰҚШҰ бас хатшысының оқиға орнына барып, кейін мемлекет басшыларын хабардар ету туралы шешім қабылдады", - деді Тілеуберді Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезінде журналистердің сұрағына жауап беріп.

Министрдің айтуынша, Әзербайжан мен Армения арасындағы шекара нақты белгіленбегенін ескеру қажет, сондықтан шекараны бұзу туралы айту қиын.

"Қазір бірінші міндет - армян-әзербайжан шекарасын делимитациялау және демаркациялау жөніндегі бірлескен комиссияның жұмысын қайта бастау. Біз өз тәжірибемізбен бөлісуге дайынбыз. Біз шекарамызды құрлық пен теңіз шекарасының периметрі бойынша белгіледік, демаркация Ресейден басқа барлық мемлекетпен аяқталды. Ресеймен демаркация әлі екі-үш жылға созылуы мүмкін", - деді СІМ басшысы.

Қазақстан СІМ басшысына бітімгерлерді жіберу туралы мәселе талқыланып жатыр ма деген сауал қайта қойылды.

"Жоқ, әзір мұндай сұрақ туындамады", - деп жауап берді Мұхтар Тілеуберді.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!