"Той жасап, пәтер, көлік сатып алған". Өскеменде үй қызметкері сейфтен 61 миллион ұрлаған

Өскеменде үй қызметкері 130 мың АҚШ долларын ұрлаған, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Басылым мәліметінше, қызметкер шамамен 61 100 000 теңгені ұрлаған 21 жастағы қыз болып шыққан. 

Өскемен қаласы ПБ Сол жағалау ПБ-нің "102" жедел арнасына облыс орталығының 35 жастағы тұрғыны жүгінген. Ол үйдің астыңғы қабатында орналасқан сейфтен шамамен 130 000 АҚШ доллары жоғалғанын хабарлаған. Жәбірленушінің арызы бойынша полицейлер дереу қылмысты ашуға кіріскен.

Қабылданған шаралардың нәтижесінде криминалдық полиция қызметкерлері күдіктіні анықтады. Күдіктінің айтуынша, тамыз айының басында ол сейфтен алғаш рет 10 000 АҚШ долларын ұрлаған және осы ұрланған ақшаға шетелде демалып келген.

Демалыстан оралғанда қыз үй иелері ақшаның жоғалғанын байқамағанын түсінген, әрі қарай ештеңе болмағандай сол үйде жұмысын жалғастырған. Бір айдың ішінде үй қызметкері сейфтен 130 000 АҚШ долларын алып шыққан. Бұл ақшаға ол үйлену тойын жасаған, пәтер және көлік сатып алған.

Қазіргі уақытта 21 жастағы қылмыскер уақытша ұстау изоляторына қамалды. Бұл дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 188-бабы 4-бөлігі (Ірі көлемде жасалған ұрлық) бойынша соталды тергеу басталды.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!