Ертеде ерлер қандай әшекей бұйым таққан?

Қазір қоғамда діни түсінік бойынша, ер адам алтын тақпайтыны туралы пікір бар. Қазақта әйел адамның тағатын күллі әшекей бұйымы, оның түрлері бүгінге дейін жақсы сақталған әрі оның тарихы да жиі айтылады. Ал ер адамдардың әшекейлері көбіне жабық күйде қалады. ҚМДБ Пәтуа бөлімінің сайтында ерлерге қандай металдан жасалған жүзік тағуға болатыны айтылған. Ал ертеде ерлер қандай бұйымдар таққан? Massaget.kz тілшісі этнограф Бұлбұл Кәпқызымен сұхбаттасып, қызық деректер жинады. 

Пұшпақ тымақ

Этнографтың айтуынша, ертеде ер адамдар киген көрнекі киімдердің бірі - пұшпақ тымақ.

"Ер адамдардың ең бірінші әшекей бұйымы - сал-серілер басына көп киген пұшпақ тымақ. Ол кезде ең бағалы аң терісінен тігілген. Қазақтар құндыз терісінен көп кимеген, түлкінің пұшпағынан тымақ тігіп, шетін сусармен әрлеген. Соған үкі тағып киген. Бұл - сал-серілердің сәндік үлгідегі киімі", - дейді Бұлбұл Кәпқызы.

Сурет: Зейдлиц Н.К

Ер адамдар таққан жүзік

Қазақта ер адам білезік, моншақ секілді әшекейлер тақпаған. Оның орнына жүзік таққан екен.

"Ер адамдар білезік, мойнына моншақ тақпаған. Олар қолына тек жүзік таққан. Кезінде үлкен лауазымды адамдар қандай да бір құжатқа қол қойып, мөр басарда қолындағы жүзігі мөрі болған. Соны басқан. Бұл бір әшекей деп есептелген", - деді ол.

Ер адамның бір белгісі - белдік

Бұлбұл Кәпқызы ер адамның ең басты әшекейі - белдік екенін айтады.

"Ер адам үшін ең керемет әшекей - белдік. Ертеде кемел белдік, кісе белдік деген болған. Кемел белдікті көбіне сал-серілер тақса, кісе белдікті ауыл шаруашылығымен айналысқандар, мал баққан ер адамдар таққан. Барлық ер адамның белінде күмістен жасалған кісе белдік болған. Кісе белдіктің қынында пышақ салатын қыны бар, оқшантайы бар. Оқшантайға өзінің қажет затын салған. Мысалы, той болып жатқан кезде құлақ ұсынса, "немересіне беремін" деген ниетпен құлақты оқшантайына салып алған", - дейді этнограф.

Кісе белдік пен кемел белдіктің де өз ерекшелігі, айырмашылығы болған.

"Қазақта "кісі болатын кісіні кісесін таниды, мал болатын малды мүшесінен танимын" деген сөз бар. "Кісені" оқшантайы деп те жатады. Кісе бөлек, оқшантай бөлек. Оқшантайға әдетте садақтың оғын да салған. Кісе дорба сияқты болады. Кісе белдік пен кемел белдіктің айырмашылығы - кемел белдікте ешқандай салпыншақ болмауы. Кемел белдік жалпақ, күміспен әрленген болады, қапсырмасы да күмістен жасалған. Кісе белдік кішкене жіңішке болған, бірақ кісесі, яғни салпыншағы болған", - дейді ол.

Бұлбұл Кәпқызы ерлердің киімі де айрықша болғанын жеткізді.

"Ер адамның киімінде де өзгешелік болған, оған оюлар салынған. Ерлер ішінен тірсек жең бешпент киген, ол аяқ жағындағы шалбарының оюымен үндескен. Көбіне ер адамдар бешпентінің жанына дөңгелек ою салғызған. Оның сыртынан шапан киген, шапанның ешқашан етек-жеңі жырық болмаған", - деп түйіндеді Бұлбұл Кәпқызы.

Еске салайық, бұған дейін ер адам неге алтын тақпайтыны дін тұрғысынан түсінідірілген мақала жариялаған болатынбыз.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!