"Қорқыныш болуы мүмкін". Бес жастан асқан баланың ауруханада жалғыз жатуы дұрыс па?

5 жастан асқан балалар ауруханаға ата-анасынсыз жатуы қажет. 5 жастағы бала бұл процеcске қаншалық дайын болады? Massaget.kz тілшісі балалар психологтарымен сұхбаттасты.

Заң бойынша қалай?

Бес жасқа дейінгі балаға, сондай-ақ, емдеу кезінде дәрігерлердің қорытындысы бойынша қосымша күтімге мұқтаж ересек балаларға күтім жасауды тікелей жүзеге асыратын адамға стационарлық көмек көрсету қағидаларын бекіту туралы ҚР ДСМ 2015 жылғы 29 қыркүйектегі №761 бұйрығына сәйкес, бір жасқа дейінгі баланы емізетін ана баласын күтіп-бағу үшін медициналық ұйымда болған барлық кезеңге тегін тамақпен қамтамасыз етіледі.

Психологтардың пікірі қандай?

Психолог Мөлдір Тоқажанованың пікірінше, бала 5 жаста жалғыз ауруханаға жатуға дайын болмайды.

"Бұл кезде бала дайын болмайды. Анадан ажырау мектепке дайын болған жастан бастап, яғни 6-7 жастан басталады. Қазір балалар оған да дайын болмай жатады. Ол ата-әже немесе бауырларының үйі болса екен. Ал аурухана - бала ауырып, әлсіз болып келетін жері. Ол жерде балаға ем-дом шаралары жасалады әрі бұл балаға өте қиын болады. Бала түгілі үлкен адам ауырып ауруханаға жатқанда, жылулық іздейді", - дейді ол.

Балалар психологы Әсем Ілесбай бұл өте күрделі процесс екенін айтып, аналарға бірқатар кеңес берді.

"Бала 3 жасқа дейін балабақшаға, дамыту орталықтарына барса, алыстықты, ажырауды салыстырмалы түрде қалыпты қабылдайды. Ал бұған дейін сепарация (ажырау - еск.) жүрмесе, балаға психологиялық түрде жарақат салуы мүмкін. Бұл жағдайда ата-ана баламен шынайы қарым-қатынас жасауы керек. Сонда ғана балада реніш болмайды. 5 жасар баланы алдап, ауруханаға әкелсе, балада қорқыныш болуы мүмкін. Қарапайым қан тапсырған кездегі баланы қарасақ та, ол қатты жылайтынын көреміз. Сонымен қатар, аурухананы жаман жер деп емес, "ол жерде сені емдейді" деп түсіндіру керек. Бала өзін ауруханада да үй жағдайындай сезіну керек. Ол үшін ыстық тағамы, сүйікті ойыншығы, сүйікті кітабы қасында болуы қажет. Ата-ана баламен үнемі байланыста болғаны дұрыс. Психологиялық тұрғыда бұл жағдай анаға да, балаға да ауыр. Өйткені ана да қатты алаңдап кетеді. Балада да алғашында 3-4 күн бейімделу процесі жүзеге асуы мүмкін", - дейді маман.

Отбасы және балалар психологы Айгүл Рахметқызының пікірінше, бұл жағдайда бала емес, керісінше, бірінші ата-ананың мықты дайындығы керек.

"Ата-анасы баламен дұрыстап сөйлесіп, жағдайды түсіндіріп айтуы керек. Бала бұл жерде жалғыз емес екенін сезінуі керек, ең бастысы - сезім. Өзінің қамқорлығын көрсетіп, баласына келіп тұрып, керек-жарақтарын алып беру қажет немесе "қорықпа сен бұл жерде уақытшасың, сені алып кетеміз, кішкене емделіп аласың" деген сөздер айту керек. Бұл жерде бала емес, ата-анасы дайын болуы керек. Ата-анасы баласына дұрыс жеткізіп, түсіндіре алса, өзінің бірге екенін, қасында екенін, алысқа кетпейтінін сезіндіре алса, бала өзін жалғыз сезінбейді, психологиялық тұрғыда ауыр болмайды. Ол ештеңеден қорықпайды. Өзіне деген сенімі артады", - дейді психолог.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!