Әблязовтың сыбайласы Қазақстанға өз еркімен оралды - Антикор

Әблязовтың сыбайласы Қазақстанға өз еркімен оралды - Антикор

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет халықаралық іздеуде жүрген Мұхтар Әбілязовтың тағы бір сыбайласының елге қайтарылғанын мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Қаржылық мониторинг агенттігіне сілтеме жасап.

Ведомство мәліметінше, "БТА-Банк" АҚ бұрынғы топ-менеджментіне қатысты қылмыстық іс бойынша 2011 жылдан бастап іздеуде болған "Жаңа Қалқаман" ЖШС-нің директоры Пак Виталий Леонидович өз еркімен елге оралған.

"2006-2008 жылдар аралығында аталған компанияға заңсыз несие беру арқылы Мұхтар Әблязов пен оның сыбайластары 8,9 миллиард теңгеден астам қаражатты жымқырған", - делінген хабарламада.

2019 жылы Пак ҚХР (Чэнду қ.) аумағында анықталды.

"Күдіктінің жақын туыстарымен және адвокатымен тиісті түсіндіру жұмыстары жүргізілгеннен кейін, Пак Қазақстанға оралуға ниет білдіріп, ол туралы жазбаша өтініш жолдады.

Биыл 27 тамызда ҚР ІІМ Интерполдың көмегімен Пак Чэнду қаласынан Алматы қаласына келіп, тергеу изоляторына қамалды", - деп толықтырды ведомство өкілі.

Сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Г. Досымшалова