Қостанай облысындағы өрт: зардап шеккендерге 1 миллион теңгеден беріле бастады

Қостанай облысындағы өрт: зардап шеккендерге 1 миллион теңгеден беріле бастады

Қостанай облысындағы орман өртінен зардап шеккендерге 1 миллион теңгеден беріле бастады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұл туралы Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов Instagram желісіндегі парақшасында айтты. Облыс әкімі кеше, 12 қыркүйекте Аманқарағай ауылында өрттен зардап шеккен тұрғындармен кездескен. 

"Кездесу барысында зардап шеккендерді мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау мен көмек шаралары туралы айттым. Кездесу сұрақ-жауап форматында өтті. Баршаңызға белгілі, баспанасынан айырылған тұрғындар үшін 91 үй салу туралы шешім қабылданды. Бүгінде құрылыс-монтаждау жұмыстарымен 13 мердігерлік ұйым айналысады. Жаңа үйлер салу орны ретінде Әулиекөл ауылындағы жер учаскесі анықталды. Әулиекөл ауылының жоспарына сәйкес, тұрғын үй құрылысына жалпы ауданы 53 гектар жер учаскесі бар. Осы учаскеден 10 сотық учаскеде әрқайсысының ауданы 100 шаршы метр тұрғын үйлер салу үшін 12 гектар бөлінді", - деді әкім. 

Жер учаскелері қажет инфрақұрылыммен: су, газ, электр энергиясымен, сондай-ақ кіреберіс жолдармен қамтамасыз етілетін болады. Жер учаскелері бар жаңа үйлер өрт салдарынан зардап шеккен азаматтардың меншік құқығына берілетін болады.

"Құрылыс жұмыстары өзімнің жеке бақылауыммен, сондай-ақ техникалық және авторлық қадағалаумен жүзеге асырылады. Сондай-ақ, үй жануарларының қырылуына байланысты залал өтелетін болады. Ауыл шаруашылығы жануарлары бойынша залалды өтеу Әулиекөл ауданының әкімдігіне жүгінген кезде жергілікті бюджет және "Қайырымдылық КZ" қоғамдық қоры қаражаты есебінен жүзеге асырылатын болады. Халықтан басқа 14 кәсіпкерлік субъектісі де зардап шекті. Барлық зардап шеккен нысан бойынша кәсіпкерлерге келтірілген залалды өтеу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Залалдарды өтеу шығынды бағалағаннан кейін және кәсіпкердің тиісті растайтын құжаттары болған жағдайда ғана жүргізілетінін атап өтемін", - деп жазды облыс әкімі. 

Архимед Мұхамбетовтің айтуынша, өрт кезінде зардап шеккендерге көмек көрсету үшін облыста "Қайырымдылық КZ" бірыңғай қоғамдық қоры жұмыс істейді. Қор қаражатынан барлық зардап шеккен отбасыларға 1 миллион теңгеден төлеу туралы шешім қабылданды. Құжаттары толық көлемде ұсынылған алғашқы 48 адам 1 миллион теңгеден карт-шоттарға ие болды. Сонымен қатар, Әулиекөл ауданына еліміздің ірі бизнес өкілдері демеушілік көмек көрсеткен. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина