Армения мен Әзербайжан шекарасында қақтығыс басталды. Ереван Ресей мен ҰҚШҰ-дан көмек сұрады

Сейсенбі, 13 қыркүйекке қараған түні Армения-Әзербайжан шекарасында қақтығыс басталды. Екі елдің қорғаныс министрліктері қарама-қайшы ақпарат таратып жатыр, - деп хабарлайды РИА Новости.

Армения Қорғаныс министрлігі Әзербайжан қарулы күштерінің артиллерия мен ұшқышсыз ұшақтар арқылы Армения территориясын атқылай бастағанын мәлімдеді.

"13 қыркүйекте сағат 00:05-тен бастап Әзербайжан қарулы күштерінің бөлімшелері Горис, Сотк және Жермук маңындағы армян әскеріне артиллериядан, ірі калибрлі атқыштардан атқылауды бастады", - делінген хабарламада.

Әскери ведомство Әзербайжанмен шекарадағы қақтығыс салдарынан қаза тапқандар мен жараланғандар бар екенін атап өтті. Сондай-ақ, Әзербайжанның бейбіт инфрақұрылымға соққы беріп жатқаны хабарланды.

Ал Әзербайжан қорғаныс министрлігі армян әскері ауқымды арандатушылық жасады деп айыптады.

"Армения қарулы күштерінің бөлімшелері Әзербайжан-Армения мемлекеттік шекарасының Дашкесан, Калбажар және Лачын бағыттарында кең ауқымды арандатушылық жасады...", - делінген хабарламада.

Әзербайжан тарапының мәліметінше, қақтығыс кезінде Әзербайжан әскерилері атқылауға ұшыраған.

"Нәтижесінде жеке құрам арасында шығын болып, әскери инфрақұрылымға зақым келді. Армения қарулы күштерінің атыс нүктелерін ауыздықтау және әскери қақтығыстар ауқымының кеңеюіне жол бермеу үшін қажетті шараларды қабылдап жатыр", - делінген министрліктің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Сондай-ақ, Бакуде Армения қарулы күштерінің адам күші мен әскери техникасының шығыны бар екенін хабарлады.

Армения премьер-министрі Никол Пашинян Қауіпсіздік кеңесінің отырысын өткізіп, Ресей президенті Владимир Путинмен, сондай-ақ Франция президенті Эммануэль Макронмен шиеленіскен жанжалды талқылады.

Қауіпсіздік кеңесі отырысының қорытындысы бойынша Ресейден көмек сұрауға шешім қабылданды.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!