"Комиссияның қарауынан өткен жоқ!" Жаңаарқада дауға айналған ескерткіш алынып тасталды

"Комиссияның қарауынан өткен жоқ!" Жаңаарқада дауға айналған ескерткіш алынып тасталды
Фото: Әкім жариялаған сурет

Желіде Ұлытау облысындағы Жаңаарқа ауданында жазушы, қоғам қайраткері Ақселеу Сейдімбекке арналған мүсін қызу талқыға түсті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Желі қолданушылары бұл ескерткіштің қол-аяғы пропорцияға сай келмейтінін және марқұмды қорлау екенін жазған. 

Ал кеше, 11 қыркүйекте ескерткіш алынып тасталыпты. Тіпті әкімдік тарапынан ескерткішке бірде-бір тиын жұмсалмапты. Бұл туралы Ұлытау облысындағы Жаңаарқа ауданы әкімі Юржан Бекқожин Facebook-парақшасында бөлісті. 

"Қайырлы күн, ағайын! Кешеден бері олқы шыққан ескерткіш жайлы қазақтың әр азаматы өз ойын айтып, жанашырлық танытып жатыр. Кеше ескерткішті орнынан алып, мүсінді қайта жаңғырту шараларын қолданатынымыз жайлы айтқан болатынмын. Бүгін Ақселеу ағамыздың ағайын-туысымен кездесіп, барлық жағдайды түсіндірдім, ұсынысымды айттым. Дәл қазір көңілге қонымсыз жасалған мүсінді бұзу жұмыстары басталды", - делінген жазбасында.

Бұдан 2 күн бұрын ол ескерткіш алынып тасталады деп уәде етілген жазба жариялады. 

"Бүгін, Жаңаарқа ауданы, Жаңаарқа кентінде Ақселеу Сланұлы Сейдімбекке арналып ескерткіш бой көтерген болатын. Бұл ескерткішті Ақселеу Сланұлының інісі Асылхан Сейдімбек өз қаражаты есебінен жасатып, барлық құжаттары дұрыс екендігін жеткізген. Алайда, бүгінгі күні жаңадан ашылған ескерткішке қатысты азаматтар тарапынан бірқатар наразылықтар туындауда. Ақселеу мүсіні менің де көңілімнен шықпады. Осыған орай, ескерткішті тапсырыс берушілерге қайтару туралы шешім қабылданды. Орнына талапқа сай, тұлғаның бейнесіне сәйкес келетін ескерткіш қою үшін тиісті шаралар қолданылатын болады", - делінген жазбасында.

Қаражатқа қатысты әкім былай деп пікір жазған:

"Қаражат туралы жазған екенсіз, осы мәселе бойынша айта кетейін: әкімдік тарапынан бұл мүсінге 1 тиын да ақша бөлінген жоқ. Орнатқан Ақселеу ағамыздың ағайын-туысы және ескерткіштің эскизі де бізбен келісілмеді. Тапсырыс берушілер ескерткішті талапқа сай етіп қайта жасатамыз деп шешім қабылдады".

Ақселеу Сланұлы Сейдімбек - жазушы, әдебиет зерттеуші, ғалым, филология ғылымының докторы, профессор. Оның "Ақиық", "Қыр хикаялары", "Тауға біткен жалбыз", "Кеніш", "Алпамыс батыр", "Ақ қыз", "Ойтолғақ", "Күй шежіре", "Қазақ әлемі" атты еңбектері бар.

Ақселеу Сейдімбек 2009 жылғы 16 қыркүйекте Нұр-Сұлтан қаласында қайтыс болды. Жазушының өсиеті бойынша, ол Жаңаарқа ауданының орталығы Атасу кентінің іргесіндегі Қарауылтөбеде жерленген.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек