Туға деген құмарлығы ерекше үш жасар Әлтайыр

Туға деген құмарлығы ерекше үш жасар Әлтайыр

Астананың маңындағы Жаңажол ауылында тұратын бала жұртты тәнті етті. Үш жасар Әлтайырдың Қазақстанның туына деген махаббаты ерекше. 

Ауыл тұрғындары Әлтайырды "тудың маньягы" деп әзілдейді екен. Әлтайырдың есіл-дерті - Қазақстанның туы. Өзі айдап жүретін самокатына да ту іліп алған.

Одан бөлек, күнде әкімдік пен мектепке барып, рәмізімізге қарап қайтатын әдеті бар екен.

Әлтайырдың анасы Арайлым тұңғышының туға деген "махаббаты" қалай басталғанын әңгімелеп берді. 

"Балапан" арнасындағы "әлди, әлдиді" тыңдап ұйықтайтын. Содан кейін Әнұран басталады. Әнұранды үзбей тыңдайтын. Теледидардың алдына отырып алып, ыңылдап айтып отыратын. Сол кезде тудың желбірегенін көретін", - дейді Арайлым.

Анасы ұлы алғаш туды қашан қолына алғаны есінде жоғын айтады. 

"Бірақ шамамен 2021 жылдан бастап туды жинап, туға деген қызығушылығы оянды. Екі жарым жасынан туға қызығады. Базарға, дүкенге барса ту алдыртатыны рас. Әрине, бала болған соң тәттілерді де алдырады. Бірақ ту сататын дүкендерді білетіндіктен "ту алайық" деп айтады. Жолда көліктердің ішінен ту көрсе "алып бер" деп жатады. Біразын алып та алдық", - дейді анасы. 

Арайдың сөзінше, Әлтайырдың "топтамасында" онға жуық туы бар екен. Бірнеше туды бөлмесіне де іліп қойған. 

"Ұлым өте шапшаң. Адамдардармен тез тіл табысып кетеді. Мінезі ашық. Өте бауырмал, інісі мен қарындасына қарасады", - дейді анасы.   

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина