"Ұлыңыз жауапкершілікке тартылады": Сәтбаевта полиция атын жамылған алаяқ ұсталды

Өзін полиция қызметкері ретінде таныстырған алаяқ Сәтбаев тұрғынын алдап, оны 20 мың теңге төлеуге мәжбүр еткен, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Сәтбаевтың полиция бөліміне қала тұрғыны жүгінген. Әйелдің сөзінше, екі күн бұрын өзін полиция қызметкері ретінде таныстырған белгісіз адам қоңырау шалған. Күдікті әйелге ұлының әкімшілік жауапкершілікке тартылатынын айтқан. Әйел бұл хабарды естігенде, шошып кеткен. Қоңырау шалған адам әйел 20 мың теңге төлесе, қиындықтан құтыла алатынын айтқан. Жәбірленуші ер адамға қажет соманы берген. Осыдан кейін ол ұлымен байланысып, оның ешқандай құқықбұзушылық жасамағанын білген.

Бұл дерекке қатысты полиция ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы "Алаяқтық" бойынша соталды тергеуді бастаған. Жедел-іздестіру шаралары барысында Жезқазған қалалық ПБ криминалдық полиция қызметкерлері жалған полиция қызметкерін ұстаған. Ол 33 жастағы ер адам болып шыққан, күдікті кінәсін мойындаған.

Соталды тергеу барысында полицейлер қаскүнемнің үш ұрлыққа қатысы барын анықтаған. Ол Сәтбаев қаласынан Жезқазған қаласына арнайы келіп, пластикалық терезелері бар жеке үйлерді тапқан. Ол үй иелері жоғын пайдаланып, терезелерді сындырып, бөлмелерге кірген. Қаскүнемді тек ломбардтарға тапсыратын алтын бұйымдар қызықтырған. Оларға келтірілген залалдың жалпы сомасы 5 млн 250 мың теңге болған. Заттай дәлелдемелер тәркіленген. Барлық дерекке қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы "Ұрлық" бойынша соталды тергеу басталған. Күдіктіге қатысты "күзетпен ұстау" түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалған.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!