Гүлмира Сатыбалдыға қатысты іс: мемлекетке қанша залал келтірілген?

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Гүлмира Сатыбалдыға қатысты тергеуді жалғастырып жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет агенттігіне сілтеме жасап.

"Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Гүлмира Сатыбалдыға, оның бақылауындағы "Ария-Жаңа Астана" ЖШС компаниясының басшылығына және мемлекеттік органдардың лауазымды тұлғаларына қатысты нысандарды салуға бөлінген бюджет қаражатын жымқыру дерегі бойынша тергеуді жалғастырып жатыр", - делінген хабарламада.

Бірнеше нысан бойынша іс жүзінде орындалмаған құрылыс-монтаждау жұмыстарына ақы төлеу нәтижесінде мемлекетке жалпы сомасы 3,9 миллиард теңгеге аса ірі мөлшерде залал келтірілген. Тергеу сатысында қабылданған шаралармен мемлекетке келтірілген залал толық өтелген.

Сонымен қатар, Гүлмира Сатыбалды мен оның сенімді тұлғаларына қатысты бірқатар кәсіпорынның қатысу үлестері мен активтерін заңсыз иелену, адамды ұрлау және бас бостандығынан заңсыз айыру фактілері бойынша тергеу жүргізіліп жатқаны белгілі болды.

Жәбірленушілерге келтірілген залалдың алдын ала сомасы 6,6 миллиард теңгеден асқан. Күдікті адамдар күзетпен ұсталып жатыр. Тергеу жалғасып жатыр.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!