Неге әкімдер жылдар бойы бір лауазымда отырады?

Қазақстанда мемлекеттік қызметшілерге 8 жылдан аса аудан немесе ауыл әкімі лауазымында болуға тыйым салынады. Мемлекеттік қызмет істері агенттігі өкілі кейбір әкімдер неге жылдар бойы бір лауазымда отыратынын түсіндірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ведомство мәліметінше, қазір аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент немесе ауылдық округ әкімдері төрт жыл мерзімге сайланады. Бір адам екі реттен артық сайлана алмайды. Тиісінше, мұндай лауазымда отырудың жалпы мерзімі сегіз жылдан аспауы керек. Алайда мұндай шектеу 2021 жылдың 24 мамырында ғана енгізілген.

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің қоғаммен байланыс департаментінің директоры Арай Ізбаев аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент немесе ауылдық округ әкімдері "Б" корпусының мемлекеттік қызметшілеріне жататынын атап өтті. Оларды елді мекен тұрғындары жалпыға бірдей, тең және төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы сайлайды. Әкім ретінде 25 жастан кіші емес Қазақстан азаматы қатарынан төрт жыл мерзімге сайланады. Осы лауазымға келгісі келетін үміткерлер мына өлшемдерге сай келуі керек:

- жоғары немесе орта білімнен кейінгі немесе техникалық және кәсіптік білімі болуы;
- жұмыс тәжірибесі - мемлекеттік лауазымдарда екі жылдан немесе лауазымның функционалдық бағыттарына сәйкес салаларда төрт жылдан кем емес, оның ішінде басшылық лауазымдарда екі жылдан кем емес қызмет етуі.

Әкімнің өкілеттігі мынадай жағдайларда тоқтатылады:

- әкім қайтыс болса;
- әкімді іске қабілетсіз немесе қабілеті шектеулі деп тану туралы сот шешімі заңды күшіне енгенде;
- хабар-ошарсыз кеткенде немесе оны қайтыс болды деп жариялау туралы сот шешімімен;
- саяси партияға мүшелікті тоқтату туралы;
- жоғары тұрған әкімнің мәслихат депутаттарының әкімге қатысты сенімсіздік вотумын қабылдауы;
- Қазақстан азаматтығын тоқтатқанда;
- cайлау комиссиясының жаңа сайланған әкімді тіркеуіне;
- Қазақстан заңдарында көзделген өзге де жағдайларда тоқтатылады.

"Әкімге сенімсіздік білдіру туралы мәслихаттың мәселе қарауы үшін жергілікті қоғамдастық жиналысының әкімді қызметінен босату туралы мәселеге бастама көтеруі негіз саналады. Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мемлекеттік органдардың немесе лауазымды тұлғалардың мемлекеттік қызмет саласындағы заңнаманы бұзуы, сондай-ақ, қызметтік әдепті сақтау мәселелері бойынша әрекеттері (әрекетсіздігі) мен шешімдеріне қатысты жеке және заңды тұлғалардың шағымдарын қарайды.

Биыл бірінші жартыжылдықта ауылдық округтерден агенттікке өтініш түскен жоқ", - деп қорытындылады ведомство өкілі.

Сондай-ақ, Ізбаев Жетісу және Алматы облыстарындағы "ұзақ отырған" әкімдер туралы сұраққа жауап берді.

"Жауапкершілікті белгілейтін немесе күшейтетін заңдардың кері жағы болмайды. Сағади Талдыбаев 2020 жылдың 24 маусымында Жетісу облысы Көкжазық ауылының әкімі болып қайта сайланды. Ол тікелей сайлау құқығы қабылданғанға дейін сайланды.

Ал Алматы облысы Бәйтерек ауылының әкімі Айбек Нұрланов 2021 жылдың 25 шілдесінде жаңа талаптарға сәйкес төрт жыл мерзімге қызметке сайланды", - деп түсіндірді Арай Ізбаев.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!