Тоқаевпен сөйлескен тұрғынның мәселесіне қатысты тың дерек шықты

Қостанайлық тұрғын Мемлекет басшысына жалған құжат салдарынан үйінен айырылып қалғанын айтқан еді. Бұл туралы облыстық сот пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Қостанай облыстық сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бұл үй В.Маливецке тиесілі болды, оның екі қызы - Е.Шарафутдинова мен Л.Бережецкая болды. 1984 жылы В.Маливец бұл үйді үлкен қызы Бережецкаяға сыйға тартты. Бірақ Л.Бережецкая 1976 жылдан бастап Ресейде тұрған. Сотта ол әпкесіне үйде уақытша тұруға рұқсат бергенін растады. Алайда ол 1991 жылы сот арқылы әпкесі Е.Шарафутдинованы баспанадан шығарды.

Сондай-ақ, Қостанай қаласы әкімдігінің 1994 жылғы қаулысымен Бережецкаяға жеке қосалқы шаруашылығын жүргізу үшін үй алып жатқан жер телімін өмір бойына мұрагерлікке иелік ету құқығы берілді.

2003 жылы үй иесі Маливец қайтыс болады. Ал 2018 жылы Л.Бережецкая үйді мемлекеттік акт арқылы жекеменшік құқығына өткізді. Е.Шарафутдинова әкесінің Л.Бережецкаяға үй бергені туралы барлық ресми құжаттардың түпнұсқаларымен танысқан, жағдайды біледі.

Е.Шарафутдинова 2019 жылы Бережецкаяның үстінен арыз түсірді. Үйді өз меншігіне өткізуді талап етті. Кейін ол арызын қайтарып алды.

2020 жылы Л.Бережецкая үйді Айқадамоваға 3,5 миллион теңгеге сатқан. Бірақ Е.Шарафутдинова баспанаға жаңа иесін үйге кіргізбеген. Сатып алушы Айқадамова бұл дерек бойынша сотқа жүгінген.

"Бұған дейін құқық қорғау органдары алаяқтық іс-әрекеттер және құжаттарды қолдан жасау дерегі бойынша арыз түсірген адамның ісін мұқият тексерген. Бірақ дәлелдердің расталмауына байланысты қылмыстық іс тоқтатылды", - делінген хабарламада.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!