Ақтөбе интернатында мүгедек балаларды ұрып-соққан қызметкерлер сотталды

Ақтөбедегі интернатта мүгедек балаларды ұрып-соққан екі қызметкерге қатысты үкім шықты. Судья оларды кінәлі деп, еркіндігін төрт жылға шектеді, - деп хабарлайды "КТК" телеарнасы.

40 жастағы Гүлнұр Жұмабаева мен 19 жастағы Сағынжан Сағитжанов кінәсін бірден мойындады. Олардың науқас бүлдіршіндерге күш көрсеткені интернаттағы бейнекамераларға түсіп қалған. Видеода олар төсекте жатқандардың үстіне шығып алып, жұдырықтап ұрғаны анық көрінеді.

Сот процесі кезінде екі санитар мүгедек балаларды бағу қиын екенін айтып кешірім сұрады.

Бұл әлеуметтік қызмет көрсету орталығында қазір 42 бала тәрбиеленіп жатыр. Барлығы сал ауруына шалдыққан немесе ақыл-есі кем балалар. Көбінің ата-анасы жоқ. Мемлекет қарауындағы бұл балаларға күш көрсетілгені туралы интернатқа көрші орналасқан сәбилер үйінің басшысы арызданған.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!