Алматы кофеханаларының бірінде Ахмет Байтұрсынұлының портреті пайда болды

Биыл 5 қыркүйекте Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл. Осыған орай, Алматыда Алаш көсеміне арналған түрлі кескін суреттер мен сәулет өнерлері салынып жатыр. Coffee Original кофеханасында ұлт ұстазының қабырғада бейнеленген портреті пайда болды. Massaget.kz тілшісі суретке байланысты кофехана басқарушысымен сұхбаттасты. 

Ұлт ұстазының мұндай суреті салынған кофехана Байтұрсынұлы-Қабанбай батыр көшелерінің қиылысында орналасқан. 

Кофехана меңгерушісінің айтуынша, сурет концептісі - Байтұрсынұлын халықтың көзін ашқан ұстаз ретінде көрсету. Суретте жарық шашып тұрған ұлт көсемі мен оның мұражайы бейнеленген. 

"Кофеханамыз Байтұрсынов көшесінде орналасқандықтан, суретті 150 жылдығына арнайы салдырттық. Сурет 12 тамызда салынды. Жалпы, кофеханамыздың құндылығы - Қазақстан туралы ақпарат беру", - деді кофехана меңгерушісі.

Кофехана басқарушысының айтуынша, суретті франшизаның негізін қалағандар салған. Портретте Орынхан Рахымбеков пен Амал Темірбаевтың аттары жазылған. Бұған қоса, ол әлі картина мен кітаптар қойылатынын айтты.

"Тағы картина қосқалы жатырмыз, онда Ахмет Байтұрсынұлы туралы қысқаша анықтама болады. Егер Байтұрсынұлы көшесінде жүрсеңіз, оның мүсіні, саябағын көресіз. Сол сияқты кофеханаларда да, кем дегенде, 1 суреті тұру керек. Біз де бұл концептіні ұстануымыз керек. Сөреге оның кітаптарын да қойғалы жатырмыз. Шамамен, осы аптада бәрі бітуі керек", - деді кофехана басқарушысы.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!