Учаскелік инспектор 24-қабаттан секірмек болған әйелді құтқарып қалды

Учаскелік инспектор 24-қабаттан секірмек болған әйелді құтқарып қалды

Нұр-Сұлтанда учаскелік полиция инспекторы 24-қабаттан секірмек болған әйелді құтқарып қалды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаментінің Байқоңыр ауданының учаскелік полиция инспекторы Қуаныш Мирзаев көпқабатты үйден секіріп, өзіне қол жұмсамақшы болған әйелді құтқарып қалды.

Полицияның "102" арнасына Уәлиханов көшесінің бойында 24-ші қабаттың сыртқы ернеуінде әйелдің отырғаны туралы қоңырау келіп түседі. Сол уақытта оқиға орнында болған инспектор үйге жүгіріп барып, әйелдің шынында өлімге қадам жасамақ болғанын көреді.

Қуаныш Мирзаев санаулы секундта жоғарғы қабатқа көтеріліп, техникалық қабаттың кішкентай терезесі арқылы сыртқы ернеуге көтеріледі. Арадағы қашықтық 1 метрдей болғанымен, ол білдіртпей әйелдің артынан келіп, қолынан ұстап алады. Жас әйел қатты жылап, полицейден босап шығуға тырысқан. Осы уақытта құтқарушылар да келеді.

"Полиция қызметкері мен құтқарушылар қызды терезе арқылы қауіпсіз жерге алып шықты. Қазіргі кезде полицейлер 27 жастағы қала тұрғынын мұндай әрекетке не итермелегенін анықтап жатыр", - делінген хабарламада.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Г. Досымшалова