1 миллион теңге. Абай облысы логотипіне байқау жарияланды

Абай облысы логотипіне байқау жарияланды. Жүлде қоры - миллион теңге, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Абай облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Абай облысына үздік логотип пен брендбук таңдау жоспарланып отыр. Облыстың логотипін әзірлеуге конкурс жарияланған. Жүлде қоры 1 миллион теңге болады. 

"Байқау мақсаты - Абай облысының логотипі мен брендбугін жасау бойынша қаланың имиджін жаңартуға және оның мәдени-тарихи мұрасын ескеретін жеке ерекшеліктерін бекітуге ықпал ететін үздік тұжырымдамалық жобаларды анықтау. Үздік деп танылған Абай облысының логотипі жарнамалық, маркетингтік және басқа да іс-шараларда пайдаланылады, сондай-ақ, Абай облысының мәдени, туристік және әлеуметтік әлеуетін пайдалануды жақсарту үшін қолданылады", - делінген конкурс материалдарында.

Логотипке қойылатын негізгі талаптар: көлемі 300 КБ аспайтын 500х500 пиксельден кем емес графикалық файл, қала логотипінің мәтіні және иллюстрациясы үш тілде, қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде болуы қажет. 

Байқауға шығармашылық шеберханалар, жарнама агенттіктері мен фирмалары, дизайн студиялары, жобалау ұйымдары, осыған ұқсас мамандық иелері, авторлық ұжымдар қатыса алады.

Байқау жұмыстары 2022 жылғы 1 қазанға дейін Семей қаласы, Қ.Мұхамедханов көшесі, 8, №412 кабинетте электрон және баспа түрде қабылданады. Телефоны: + 7 (7222) 522577, электрон пошта - abaiqdb@gmail.com

Еске салайық, Президенттің 4 мамырдағы елдің жаңа өңірлерін құру туралы Жарлығы ресми түрде 8 маусымнан бастап күшіне енген еді. 

Абай облысы Шығыс Қазақстан облысынан бөлінген. Кеңес заманында оның аумағында Семей облысы орналасқан. Өңір орталығы Семей қаласы болды. Облысқа сегіз аудан кірді: Ақсуат, Абай, Аягөз, Бесқарағай, Бородулиха, Жарма, Көкпекті және Үржар, сондай-ақ, екі қала - Семей және Курчатов. Облыс халқы шамамен 640 мың адам болуы тиіс.

Сондай-ақ, жоспар бойынша Абай облысы аумағы 185,5 мың шаршы шақырым, ал облыс халқының саны 638 мың адам болатыны айтылған еді.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!