"Болашақ" стипендиясы иегерлерінің тізімі жарияланды

"Болашақ" стипендиясы иегерлерінің тізімі жарияланды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Биылғы іріктеудің екінші легінде стипендия 84 қазақстандыққа тағайындалды. Оның ішінде 78 адам магистратураға, 6 адам әлемнің үздік жоғары оқу орындарының докторантурасына түсті.

Биыл 31 тамызда Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қариннің төрағалығымен өткен Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның кезекті отырысында стипендияларды тағайындау туралы шешім қабылданды.

Биыл "Ақпараттық технологиялар мен жүйелер", "Биотехнология. Биоинженерия. Биомедицина. Биохимия", "Көлік технологиялары. Көлік инженериясы. Логистика", "Білім беру саласындағы басқару", "Үлкен деректерді талдау. Салалар бойынша предиктивті талдау" және т.б. сынды мамандықтар сұранысқа ие болды.

"Болашақ" стипендиясын тағайындауға үміткерлерді іріктеу бойынша конкурс жылына үш рет өтеді. Қорытынды шілде, тамыз және желтоқсан айларында шығарылады.

Жалпы алғанда, 2022 жылы магистратура мен резидентураға 385 стипендия, докторантураға 60 стипендия, тағылымдамадан өтуге 110 стипендия бөлінді.

Тізімді мына сілтеме арқылы көруге болады.  

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!