Өмірзақ Шөкеев Түркістан облысының әкімі қызметінен кетті

Өмірзақ Шөкеев Түркістан облысының әкімі қызметінен босатылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Мемлекет басшысының Жарлығымен Өмірзақ Естайұлы Шөкеев Түркістан облысының әкімі лауазымынан босатылды. Президент аймақ басшысы қызметіндегі көп жылғы жұмысы үшін алғыс айтты", - делінген хабарламада.

Өмірзақ Естайұлы Шөкеев 1964 жылы 12 наурызда Түркістан облысы Бәйдібек ауданы Шаян қаласында дүниеге келген. Ол Мәскеу экономикалық-статистикалық институтын бітірген. Институтты бітіргеннен кейін ҚазКСР Мемлекеттік жоспарлау жанындағы АӘК ҒЗИ кіші ғылыми қызметкері, ҚР Президенті жанындағы Жоғары экономикалық кеңестің кеңесшісі, ҚР Президенті аппараты мен Үкіметтің Қаржы және еңбек бөлімі меңгерушісінің орынбасары, ОҚО әкімшілігі басшысының орынбасары болған. Сондай-ақ, ҚР экономика министрі, ҚР экономика және сауда министрі, ҚР премьер-министрінің орынбасары, "Банк Тұран-Әлем" ЖАҚ басқарма төрағасы, ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары қызметтерін атқарған. 

Әр жылдары Қостанай облысының әкімі, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі және Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі болған. Ол 2007 жылы тамызда Қазақстан премьер-министрінің орынбасары болып тағайындалды. 2011 жылдан бастап 2017 жылға дейін "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорын (ҰӘҚ) басқарған.

Еске салайық, Өмірзақ Шөкеев 2019 жылы ақпанда Түркістан облысының әкімі болып тағайындалған болатын.

Бұған дейін Түркістан облысының әкімі отставкаға кетуге өтініш бергені хабарланған еді.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!