Шетелдіктер Көлсайды танымал ойындағы пейзаждармен салыстырды

Ғаламшардың таңғажайып орындарына арналған The great planet Instagram-парақшасы Көлсайда түсірілген видеоны жариялады. Tengri Lifestyle мән-жайды білу үшін видео авторына хабарласты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қуатбек Жөнделбаев түсірген видео аз ғана уақытта миллионнан аса қаралым жинаған. Шетелдік пайдаланушылар Қазақстанның пейзажына таңғалып, көпшілігі оны танымал Red dead redemption 2 компьютерлік ойынындағы пейзажбен салыстырған. Кейбірі Skyrim және Zelda ойындары туралы айтса, біреулер атты адамды Netflix сериалының кейіпкері Ведьмакқа ұқсатқан.

"Қандай керемет", "Таңғаларлық", "Бейне ойынындағы көрініске ұқсайды", - деп Көлсайда түсірілген видеоға пікір қалдырушылар көп.

Видео авторы Қуатбек қазақстандық әуекомпанияларының бірінде бес жыл жұмыс істеп, биыл көктемде жұмысын тастап, жеке кәсібін ашқан.

"Бос уақытым көбейіп, достарыммен Алматы облысында джип-турлар ұйымдастыра бастадық. Маған Instagram ашуды жиі ұсынады. Олардың айтуынша, мен түсірген видеолар жақсы шығады. Сосын оларға құлақ астым", - дейді ол.

Күні кеше Қуатбек Шығыс Қазақстан облысына 10 күндік сапардан оралған. Енді оның парақшасында Алматы облысындағы видеолардан бөлек, Шығыс Қазақстан облысынан, атап айтқанда, Катонқарағайдан тамаша көріністерді табуға болады.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!