"Он жыл күткен": Қазақстаннан шыққан әлем чемпиондары

"Он жыл күткен": Қазақстаннан шыққан әлем чемпиондары

Бүгін Жәнібек Әлімханұлы орта салмақта WBO тұжырымы бойынша әлем чемпионы атанды. Ол қазақтан шыққан алтыншы әлем чемпионы болды. Massaget.kz тілшісі кәсіпқой бокста Қазақстаннан шыққан әлем чемпиондарын жинады.

Қазақстаннан шыққан тұңғыш әлем чемпионы

Тәуелсіз Қазақстан тарихында кәсіпқой бокстан алғашқы әлем чемпионы атағын Василий Жиров алған. Ол 1996 жылы Атланта Олимпиадасында алтын медаль алғаннан кейін кәсіпқой рингке ауысқан. 

Ал 1999 жылы 5 маусымда Жиров АҚШ-та америкалық Артур Уильямспен бірінші ауыр салмақтағы IBF титулын сарапқа салған. Жиров қарсыласын 12-раундта техникалық нокаутпен жеңіп, IBF белбеуін иеленген. 

Жировта бұл титул төрт жыл болды. Қазақстандық боксшы титулын үш рет қорғай алды. 2003 жылы ол америкалық Джеймс Тониден жеңіліп, белбеуінен айырылып қалды. Жировтың WBС және WBО ұйымында да титулдары болған, бірақ оның бәрі екінші деңгейлі белбеулер болды. 

Боксшы 2009 жылы карьерасын аяқтады. Кәсіпқой бокстағы рекорды: 42 жекпе-жек (38-3-1, 32 КО). 

Жарақаты бәрін құртты

Жировтан кейін әлем чемпионы атағын алған екінші қазақстандық - Бейбіт Шүменов. 2007 жылы карьерасын бастаған Шүменов әлем чемпионы титулына үш жылдан кейін қол жеткізе алды. 2010 жылы қаңтарда ол Лас-Вегаста испаниялық Габриэль Кампильоны төрешілер шешімімен жеңіп, жартылай ауыр салмақта WBA тұжырымы бойынша әлем чемпионы атанды. 

Шүменов бұл титулын бес рет қорғап, 2014 жылы сәуірде аңызға айналған Бернард Хопкинстен жеңіліп қалды. 

Кейін қазақстандық боксшы бірінші ауыр салмаққа ауысып, жаңа дивизионда WBA белбеуін қайтарып алды. Бірақ көзін жарақаттап алуына байланысты Шүменовтің карьерасы сәтті бола қоймады. Тіпті, карьерасын аяқтап, рингке оралып үлгерді. Бірақ үлкен жекпе-жектер өткізе алмады. 

Былтырға дейін Шүменов WBA-ның демалыстағы чемпионы болған. Кәсіпқой бокстағы рекорды: 20 жекпе-жек (18-2, 12 КО).  

Чемпиондардың чемпионы

Қазақстанда кәсіпқой боксты жаңа деңгейге шығарған боксшымызға тоқталайық. Геннадий Головкин кәсіпқой рингте түрлі титул алып, талай рекорд орнатқан. 

Головкин орта салмақта негізгі саналатын төрт титулдың үшеуін иеленген. Алғашқы титулын 2010 жылы Панамада иеленген. Сол кезде колумбиялық Милтон Нуньесті нокаутқа түсіріп, WBA белбеуін жеңіп алған. Кейін IBO белбеуін тақты, бірақ бұл ұйым негізгі төртеуіне кірмейді. 

2015 жылы қазанда Головкин канадалық Давид Лемьені 8-раундта нокаутқа түсіріп, IBF белбеуін иеленді. 

Ал 2016 жылы мексикалық Сауль Альварес WBC титулынан бас тартуына байланысты бұл белбеу Головкинге өтті. 

2018 жылы Головкин тырнақтап жинаған WBA (19 рет қорғады), WBC (5 рет қорғады), IBO (18 рет қорғады) белбеулерінен айырылып қалды. Сол жылы қыркүйекте Канелоға төрешілер шешімімен жол берді.

Қазір Головкинде WBA, IBF және IBO белбеулері бар. Ал 17 қыркүйекте Канеломен үшінші рет жұдырықтасады. Онда боксшылар екінші орта салмақтағы WBA, WBC, WBO,IBF, The Ring титулдарын сарапқа салады. 

Головкиннің қазіргі рекорды: 44 жекпе-жек (42-1-1, 37 КО). 

Он жыл күтті

Жанат Жақиянов карьерасын 2007 жылы бастаған, әлем чемпионы титулына он жыл бойы жүрді. 2017 жылы ақпанда ол америкалық Роши Уорренді төрешілер шешімімен жеңіп, аса жеңіл салмақта WBA Super және IBO титулдарын иеленген. 

Алайда сол жылы қазанда ұлыбританиялық Райан Барнеттен жеңіліп қалды да, екі белбеуінен де айырылды. Барнетт кездесуден кейінгі міндетті допинг-сынама тапсырмаған, десе де, Жақияновтың арызын ешкім қараған жоқ. Осыған нала болған Жанат сол жылы карьерасын аяқтаған болатын. 

Жақияновтың кәсіпқой рингтегі рекорды: 29 жекпе-жек (27-2, 18 КО). 

Жекпе-жексіз чемпион

Бүгін Жәнібек Әлімханұлы орта салмақта ресми түрде WBO тұжырымы бойынша әлем чемпионы атанды.

Америкалық боксшы Деметриус Андраде орта салмақтағы WBO титулынан бас тартты. Ол екінші орта салмаққа ауысып, белбеуге үміткер Әлімханұлымен жекпе-жектен бас тартты. WBO қазақстандықты ресми түрде титулдың толық иегері деп жариялады.


©Top Rank

Бұл - Әлімханұлының кәсіпқой рингтегі алғашқы чемпиондық титулы. 29 жастағы боксшы бұл атақ үшін кәсіпқой рингте алты жыл жүрген. Енді боксшы орта салмақтағы барлық титулды жинауды мақсат етіп отыр. 

Жәнібектің кәсіпқой рингтегі рекорды - 12 жекпе-жек (12-0, 8 КО). 

P.S. Бұл топтамаға Данияр Елеусіновті қосқан жоқпыз, себебі ол иеленген IBO титулы негізгі төрт белбеуге кірмейді. Кезінде IBF чемпионы болған, биыл Қазақстан атынан шығып жүрген Сергей Липинецті де қосқан жөн емес деп шештік. Себебі 2017 жылы Липинец Ресей намысын қорғаған.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Е. Төлеш