Димаш Құдайберген жаңа әнінің музыкалық бейнебаянын ұсынды

Димаш Құдайберген Zhalyn атты жаңа әнінің музыкалық бейнебаянын көрермен назарына ұсынды, - деп хабарлайды Tengri Lifestyle  тілшісі әншінің Dimashnews ресми сайтына сілтеме жасап.

Димаштың жаңа әні жанкүйерлері үшін үлкен тосынсый болды. Оның баяу, романтикалық сарындағы өлеңдеріне үйреніп қалған тыңдармандар бұл жолы ырғақты әнді ықыласпен қабылдады.

"Димаш, өнерің өрлей берсін, әрқашан биіктен көріне бер! Алматыда өтетін жеке концертіңе келеміз", "Димаш балам, керемет! Ана тіліңдегі әнің 100 пайызға ұнады. Нағыз жастардың би кешіне арналған ән екен", "Сенің қолыңнан бәрі келеді, жаным! Тек алға қойған мақсатыңа жете бер, алтыным",  "Өнеріңнен, дауысыңнан айналдым! Өте керемет", "Ұнады! Әндеріңізді сондай сүйіп тыңдаймын! Аман болыңыз, Димаш аға", - деп жазған Желі қолданушылары. 

Қазақ тіліндегі Zhalyn жарқын әрі ырғақты әнін қазақстандық композитор Еділжан Ғаббасов Димаш Құдайбергенмен бірлесіп жазған. Еділжан осы композицияны жазуға орындаушымен танысу себеп болды дейді. 

"Мен Zhalyn-ды 2020 жылы Димашпен кездескеннен кейін жаздым. Алдымен әуенін жаздым, кейін әннің үзіндісін Димашқа көрсеттім, ол қайырмасын жазды. Бұл композиция біздің шығармашылық тандемімізде дүниеге келді. Менің ойымша, барлық тыңдарманға бұл туынды ұнайды, ал біз оларға басқа да сапалы туындылар сыйлаймыз", - деді Еділжан Ғаббасов.

Композиция мәтінін продюсер, талантты ақын Нұржан Асхатұлы жазған. Нұржан ән махаббат туралы екенін айтты. Алайда махаббаттан басқа бұл әнде мінез де бар дейді.

Димаш әнді Zhalyn деп атап, оның қандай болу керегін түсіндірді. Нұржан Асхатұлы әуенді қайта-қайта тыңдап, әннің мәтінін жазған.

"Сіз өзіңізді өзгерткіңіз келсе, онда өзіңізді жоғалтасыз. Табиғатыңыздан бас тартасыз, мүлдем басқа адам боласыз. Сондықтан біз кез келген адамды түсінуге және қабылдауға тырысуымыз керек деп санаймын. Бұл - әннің басты идеясы", - деді Нұржан Асхатұлы.

Бейнебаянда Димаш поп-музыка королі Майкл Джексонның би элементтерін қолданған. Бұл бейнебаянды режиссер Шыңғысхан Тәжікеев MOOD VIDEO жанрында түсірген. Оның айтуынша, бұл жұмыс өзі үшін де, орындаушы үшін де тәжірибе болған.

Димаш Құдайберген - әнші, композитор және мульти-аспапшы. Ол I am Singer Қытай байқауынан кейін кеңінен танымал болды.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!