"Бірнеше есе қымбат". Ресейлік блогер Алматы мен Мәскеудегі такси қызметін салыстырды

Мәскеуден Алматыға көшіп келген 24 жастағы танымал ресейлік блогер Евгений Курчанов Қазақстан мен Ресейдегі такси қызметін салыстырды, - деп хабарлайды Tengri Lifestylе

Блогердің айтуынша, Ресей астанасында такси бағасы Қазақстанға қарағанда 7 есе қымбат. Курчанов Алматы мен Мәскеуге жасаған сапарларының біріне мысал келтірген.

"Кеше досыма бардым, 45 минут жүруім керек еді. Осы сапарға 1800 теңге төледім, бұл - 250 рубль. Мәскеуде пәтерден әуежайға дейін шамамен осындай қашыққа 45 минут жүріп, кем дегенде 1800 рубль төледім", - дейді Курчанов.

Блогер отандық такси жүргізушілеріне де таңғалған. Оның сөзінше, ресейлік такси жүргізушілері көпшіл емес. Бірақ қазақстандық жүргізушілер туралы бұлай айта алмайсың. Евгений Курчанов көрген ең соңғы айырмашылық - такси тарифтері айырмашылығы.

"Мұнда "бизнес санатына" тапсырыс берсең, Toyota Camry келеді. Ал Ресейде Maybach келеді. Бірақ бұл тарифтерге бірнеше есе қымбат төлейсің, сондықтан бәрі әділ деп ойлаймын", - деп қорытындылады ресейлік блогер.

Еске салайық, 24 жастағы ресейлік блогер Евгений Курчанов 4 ай бұрын Мәскеуден Алматыға көшіп келген. Жігіт Қазақстанда тіл үйрететін мектеп ашқан. Ол еліміздің әр өңіріне саяхаттап, алған әсерін бөліседі.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!