"Шәкіртақыны қалай жеткіземін?" Студентке керек лайфхактар

"Шәкіртақыны қалай жеткіземін?" Студентке керек лайфхактар
Фото: Тұрар Қазанғапов

Студенттік өмірде есте қалар нәрсенің бірі - шәкіртақы. Жақында ғана министр Саясат Нұрбек студенттерге керемет жаңалық жеткізіп, шәкіртақы көтерілетінін айтқан еді. Министрдің мәлімдемесіне сәйкес, 2025 жылға дейін студенттердің стипендиясы екі есеге, магистранттардың стипендиясы бір жарым есеге өседі. Қазір бакалаврдағы студенттер 31 423 теңге шәкіртақы алады. Бір айлық шәкіртақыны қалай тиімді, дұрыс жұмсауға болады? Massaget.kz студенттерге арнап, лайфхактар ұсынады.

"Бірінші стипендияға нан ал"

Өзіңізден үлкен аға-әпкелеріңізден "бірінші стипендияңа нан ал" деген кеңесті жиі естисіз бе? Көпшілігі нан қасиетті тағам екенін ескеріп, "әрі қарай да ақша берекелі болсын" деген сеніммен дәл осылай істеп жатады. Әрине, бұл - пікірге сену-сенбеу әркімнің өзінің қалауы. Дегенмен ірі қалаға енді келген студенттер кез келген нәрсеге қызығып, ай соңына дейін ақшасы жетпей қалғанын байқамай қалып жатады.

Ортақ нәрсеге бірігу

Ең маңызды лайфхак - жатақханада тұрсаңыз, тұрмыста қажет болар ортақ нәрселерді бірігіп алу. Бұл қатарға азық-түлік, бөлме тазалауға арналған заттар жатады. Әдетте университет жатақханаларында 3-4 адам жатады. Шамамен, 6000 теңгеден бірігіп, 18 - 24 000 теңгені (адам санына байланысты) бөлмеге қажет заттарға жұмсауға болады.

31 423 - 6000 = 25 423 теңге

Сондай-ақ, жатақхана маңындағы дүкендер емес ірі супермаркеттерге барып алсаңыз, қаржыңызды едәуір көлемде үнемдеуге болады. Күнделікті су, нан, шайға тіскебасарға да артық ақша жинап қойған дұрыс. Шамамен, 2000 теңгеден жинап қойып, артық дүкенге кіре бермесеңіз, қаржыңызға біраз үнем болары сөзсіз. Ал жиналған 6000 - 8000 теңгеге (адам санына байланысты) қажет болған кезде азын-аулақ нәрселерді алуға болады. 

25 423 - 2000 = 23 423 теңге

Жеке затқа қанша ақша кетеді?

Бір айға жететіндей қажет заттар алып қойсаңыз, қалған ақшаны оңай үнемдеуге болады. Гигиеналық заттар қатарына жататын сусабын, сабын, тіс щеткасы мен пастасы секілді керек затқа шамамен 4000 теңге жетеді.

23 423 - 4000 = 19 423 теңге

Жол ақысы, демалу, қыдыру

Студент болған соң бөлмедегі көршілеріңіз немесе топтастарыңыз қыдыруға, серуендеуге ұсыныс жасауы мүмкін. Сондықтан осындай тосын ұсыныстарға және жол ақысына үнемі артық ақша ұстаған дұрыс. Ақшаңызды орынды жұмсағыңыз келсе, бір айда бірнеше мәрте қыдырған дұрыс емес. Шәкіртақыдан 6000 теңгені осындай кездесулерге, жиындарға алып қалыңыз. 

19 423 - 6000 = 13 423 теңге

Әжеңіз немесе анаңыз сақтағандай сақтау

Әжелеріміз немесе аналарымыз кейде ескі киім, сөмкеге артық ақша сақтап жатады. Сіз де солай жасап көріңіз. Шәкіртақының 5000 теңгесін өзіңіз ұмытып кететіндей жерге өзіңізден "жасырып", сақтап қойыңыз. Бұл ақша "қиналдым" деген кезде есіңізге түседі немесе қор ретінде жиналып тұрады.

13 423 - 5000 = 8423 теңге

Жоғары оқу орындарында сабақ кестесі әртүрлі уақытқа қойылуы мүмкін. Кейде түс мезгілінде сабақта болып, жатақханаға барып үлгермеуіңіз мүмкін. Сондықтан бюджетіңіздің 2000-3000 теңгесін осы шығынға сақтаңыз.

"Сонда қалған 5000 теңгеге не істеймін?" деп бас ауыртпаңыз. Артық ақша қолда тұрмайды. Оның үстіне, ата-анасыз алыста жүрген соң кез келген жағдай болуы мүмкін. Керек болады. Асықпаңыз.

Еске салайық, бұған дейін жатақханаға көшкенде, 1-курс студентіне не керегін жазған болатынбыз.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова