Түркиядағы жантүршігерлік апат: қанша адам мерт болды?

Түркиядағы жантүршігерлік апат: қанша адам мерт болды?

Түркияда жантүршігерлік жол апаты болды. Дерик қаласында жүк көлігі бір топ адамды қағып кетті. Қаза тапқандар бар. Massaget.kz тілшісі Түркиядағы апат туралы соңғы жаңалықтарды бөліседі. 

Жүк көлігі бір топ адамды қағып кетті

TRT Haber мәліметінше, Дерик қаласында жүк көлігі бір топ адамды қағып кетті. Жергілікті БАҚ мәліметінше, көліктің тежегіші істен шыққан.

Апат жанармай құю бекетінің маңында болған. Видео кадрларында жүк көлігі бір топ адамды қағып кеткені көрсетілген. Полиция айтуынша, ол алдымен тоқтап тұрған екі көлікке соқтығысқан.

Оқиға орнына бірден жедел қызмет пен полиция қызметкерлері жиналған.

Алғашқы хабарламада апат салдарынан 16 адам қаза тапқаны, тағы 26 адам жарақат алғаны айтылған еді.

Кейін елдің денсаулық сақтау министрі Фахреттин Коджа апаттан қаза тапқандар саны 19-ға жеткенін мәлімдеді.

"Өкінішке қарай, Мардин Дерикте жүк көлігі бір топ адамға соғылған апаттан қаза тапқандар саны 19-ға жетті. 26 адам зардап шекті, алтауының жағдайы ауыр. Қайтыс болғандар Алланың мейіріміне бөленіп, емделіп жатқан науқастарымыз тезірек сауығып кетуіне тілектеспін", - деді Коджа.

Жергілікті БАҚ мәліметінше, бұл апат болған кезде құтқарушылар сонда тұрыпты. Себебі олар сол жерге басқа бір апатқа байланысты барған екен. 

Бір күнде екі апат

Бұл - 20 тамызда Түркияда болған екінші үлкен апат. Оған дейін Газиантеп - Низип тасжолында жедел жәрдем, өрт сөндіру көлігі мен журналистер отырған автобус соқтығысқан. Олар бұған дейінгі бір апатқа жиналған екен. Сол сәтте оларға жолаушылар автобусы соқтығысыпты. 

Сол кезде Газиантеп билігі бұл апат салдарынан 16 адам қаза тапқанын айтқан еді. 31 адам жарақат алған. 

"Қаза тапқандар арасында үш өртсөндіруші, екі құтқарушы және екі журналист бар", -  деді Газиантеп губернаторы Давут Гюль. 

Тоқаев Ердоғанға көңіл айту жеделхатын жолдады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия президенті Реджеп Тайип Ердоғанға көңіл айту жеделхатын жолдады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Түркияның Мардин және Газиантеп провинцияларындағы жантүршігерлік жол-көлік апаттарынан көп адамның қаза табуы мен бірқатар азаматтың ауыр жарақат алуына байланысты Президент Реджеп Тайип Ердоғанға көңіл айту жеделхатын жолдады.

"Осындай қиын сәтте қайғы-қасіреттеріңізге ортақтасып, барша қазақстандықтың және жеке өзімнің атымнан сізге және жақындарынан айырылған отбасыларға, сондай-ақ бауырлас түрік халқына қайғыра көңіл айтамын. Марқұмдардың Алла Тағаланың шапағатына бөленуін, зардап шеккендердің тез арада сауығып кетуін тілеймін", - деп жазылған Президенттің жеделхатында.

Е. Төлеш