Ғалымдар онкологиялық ауру мен жаман әдет арасындағы байланысты тапты

Ғалымдар онкологиялық ауру мен жаман әдет арасындағы байланысты тапты
Фото: pixabay.com

Зерттеушілер қатерлі ісіктен болатын өлімнің жартысы темекі шегу, ішімдік және семіздіктен болатынын анықтады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz Deutsche Welle-ге сілтеме жасап.

Британдық Lancet журналында жарияланған жаңа зерттеуге сәйкес, темекі, ішімдік және артық салмақ сияқты қауіп факторларын бақылау арқылы қатерлі ісік өлімінің алдын алуға болады.

Басылымның хабарлауынша, 2019 жылы қатерлі ісіктің 23 түрінен қайтыс болған 10 миллион адамға зерттеу жасалған. 

"Қатерлі ісік ауруы бүкіл әлемде өсіп келе жатқан денсаулық сақтаудың маңызды мәселесі болып қала береді", - деді зерттеудің авторы Кристофер Мюррей.

Сонымен қатар, зерттеу онкология ауруларынан болатын өлім себептері пациент тұратын елдің орналасуы мен әлеуметтік-демографиялық индексіне байланысты ерекшеленеді деген қорытындыға келді. Табысы төмен елдерде темекі шегу, жыныстық қатынасқа түсу және ішімдік ішу сияқты факторлар онкология ауруына шалдыққан науқастардың өмір сүру ұзақтығына қатты әсер етті.

Оңтүстік Азияда, Таяу Шығыс пен Солтүстік Африкада және Сахараның оңтүстігіндегі Африкада метаболикалық қауіптер де айтарлықтай әсер етті. Бұл аймақтардың барлығы әлеуметтік-демографиялық индексте төмен орындарда орналасқан.

Зерттеу нәтижесі мінез-құлықты бақылау арқылы онкология ауруларынан болатын өлім-жітімнің алдын алуға болатынын көрсеткенімен, басқа факторларға әсер ету оңай емес деген қорытындыға келді.

С. Бөлек