Қазақ жігіті Қырғызстанда полицияны ұрып-соққан: оқиға қалай болғаны айтылды

Бішкекте милиционерді 19 жастағы Қазақстан азаматы ұрып-соққан. Бұл туралы Ленин аудандық ІІБ баспасөз қызметі хабарлады.

Жас гвардия даңғылында тәртіп сақшысының соққыға жығылғаны туралы 102 қызметіне оқиға куәгерлері хабарлаған.

Милицияның мәліметінше, бұзақы деп танылған қазақстандық Арман Қадыров оқиғаның өз нұсқасын айтты.

Қазақстандық Арман Қадыровтың айтуынша, 17 тамызда саябақта серуендеп жүріп, екі әйел мен ер адамның мектеп оқушысына шабуыл жасағанын көрген. Баланың олармен таныс емес екені белгілі болды. Бала құлап, басынан соққы алған. Жан-жақтан өтіп бара жатқандар көп болды, бірақ балаға жәрдемдесуге ешкім асықпаған. Ол жүгіріп барып, балаға қол көтергендерді тоқтатпақ болған. Содан кейін әйелдер оны ұра бастаған.

"Біраз уақыттан кейін айналамдағы адамдар айқайлап, мені жақтай бастады. Біреу милиция шақырды. Шабуылшылар біраз тынышталып, біреуге телефон соға бастады. Бір адам мені ұстап алып, көлігіне сүйреп апарды. Ұрып-соға ма деп қатты қорықтым. Бұл маған және балаға шабуыл жасаған әйелдердің бірінің ұлы екенін түсіндім. Маған соққы жасағаннан кейін мен де бетінен бірнеше рет ұрдым, босап шықтым", - дейді Арман Қадыров.

Ол оны милиция бөліміне күштеп әкелгенін айтты.

"Мен бұл кісінің милицияда жұмыс істейтінін және алдымен балаға, содан кейін маған шабуыл жасаған әйелдер мен ер адамның туысы екенін кейін ғана түсіндім. Тергеушіге тек мектеп оқушысын жақтағанымды түсіндірсем де, жауап алу кезінде қысым көрсетіп, қорқытты, уақытша ұстау изоляторына қамады. Олар емес, біз құрбанбыз. Сот қаулысымен мені үйқамаққа алды. Маған Қырғыз Республикасы Қылмыстық кодексінің екі бабы - "Бұзақылық" және "Билік өкілдеріне қарсылық көрсету" бойынша айып тағылып отыр. Бірақ мен ешқандай құқық бұзған жоқпын, тек балаға көмектескім келді", - деп түсіндірді қазақстандық.

Ленин аудандық ішкі істер бөлімі өкілі Қазақстан Республикасының азаматы Арман Қадыров Жас Гвардия бульвары мен Токтогүл көшесінің қиылысында қоғамдық тәртіпті бұзып, бұзақылық ниетпен, милиция қызметкерінің заңды талаптарына бағынбай, қыметкерді себепсіз ұрып-соқты деп мәлімдеді. Бұл дерек бойынша Қырғыз Республикасы Қылмыстық кодексінің 280-бабы "Бұзақылық" бойынша қылмыстық іс қозғалды.