ХҚКО-дағы арнайы операция: қылмыстық топқа қатысты жаңа деректер шықты

ХҚКО-дағы арнайы операция: қылмыстық топқа қатысты жаңа деректер шықты
Фото: polisia.kz

Ақтөбе облысының Полиция департаменті азаматтарға 200 мың теңге ақшалай сыйақы үшін жүргізуші куәлігін алып берумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топты ұстады. Топ мүшелері - Мамандандырылған ХҚКО-ның қызметкерлері, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Жүргізілген жедел іздестіру іс-шаралары барысында емтихан тапсыруға арналған сыныпқа кіре берісте міндетті теориялық емтиханнан өту кезінде ХҚКО қызметкерлері өздерінің қылмыстық роліне сәйкес белгілі бір кандидаттарды металл іздегішпен тексермей, тізім бойынша кедергісіз өткізгені анықталды.

Сонымен қатар алдын ала ақша берген кандидаттардың тізімін азаматтық тұлғалар, яғни топ мүшелерінің сыбайластары жасап отырған. Емтихан тапсырушы құлапқаптармен, микрофонмен және камерамен жабдықталып, компьютер сыныбына өтіп, мониторда шыққан сұрақтарды қылмыстық топтың мүшесіне көрсетіп отырған. Ал ол өз кезегінде жалдамалы пәтерде отырып, оған дұрыс жауаптарды нұсқаған. Сондай-ақ топтың тағы бір мүшесі емтихан кезінде көрші кабинетте отырып, оларды роутердің көмегімен интернетпен қамтамасыз еткен. Осылайша, адамдар тестті заңсыз тапсырып, жүргізуші куәліктеріне қол жеткізген.

Жалдамалы пәтерді тінту кезінде полиция қызметкерлері 6 690 000 теңге, 1800 АҚШ долларын тәркіледі. Сондай-ақ мини-құлаққаптар, кішкентай бейнекамералар, камералары бар емтихан тапсыруға арналған жилеттер, қуаттау құрылғысы және тағы да басқа заттар тәркіленді.

Сонымен қатар жеке тексеру кезінде бір емтихан тапсырушыдан марихуанаға ұқсас өсімдік тектес зат табылды. Арнайы операция барысында Мамандандырылған ХҚКО-ның ауласында өз кезегін күтіп тұрған, өзіне қажетті техникамен жабдықталған тағы бір адам ұсталды.

Қазіргі уақытта қылмыстық схемаға тартылған адамдардың әрекеттері құжатталды және тергеу амалдары жүріп жатыр.

Е. Төлеш