Тоқаев Ердоғанға көңіл айтты

Мемлекет басшысы Түркия президенті Реджеп Тайип Ердоғанға көңіл айту жеделхатын жолдады, - деп хабарлайды Massaget.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қасым-Жомарт Тоқаев Түркияның Мардин және Газиантеп провинцияларындағы жантүршігерлік жол-көлік апаттарынан көп адам қаза болуы мен бірқатар азаматтың ауыр жарақат алуына байланысты президент Реджеп Тайип Ердоғанға көңіл айту жеделхатын жолдаған.

"Осындай қиын сәтте қайғы-қасіреттеріңізге ортақтасып, барша қазақстандықтың және жеке өзімнің атымнан сізге және жақындарынан айырылған отбасыларға, сондай-ақ, бауырлас түрік халқына қайғыра көңіл айтамын. Марқұмдардың Алла Тағаланың шапағатына бөленуін, зардап шеккендердің тез арада сауығып кетуін тілеймін", - деп жазылған Президенттің жеделхатында.

Айта кетейік, бұған дейін Түркияның Дерик қаласында адамдарды жүк көлігі қағып өлтірген еді. Жергілікті БАҚ мәліметінше, көлік тежегіші істен шыққан.