"Манипуляция". Фактчекерлер Медведевтің жазбасына талдау жасады

"Манипуляция". Фактчекерлер Медведевтің жазбасына талдау жасады
Фото: ©РИА Новости

Ресейдің Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары және экс-президенті Дмитрий Медведев ВКонтакте-дегі  ресми парақшасында Ресейдің аумағы мен көршілес елдері туралы жазбасына талдау жасалды, - деп хабарлады Factcheck.kz.

Тамыздың басында Ресейдің Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары және экс-президенті Дмитрий Медведев ВКонтакте-дегі ресми парақшасында Ресейдің аумағы мен көршілес елдері туралы жазбасында Қазақстанды "қолдан жасалған мемлекет" деп атап, "орыс геноцидіне" айыптайды. Жазба небәрі 10 минуттан кейін өшірілді.

Медведевтің мәлімдемесінде "Совет Одағы құлағанға дейін Солтүстік Қазақстан аумағы халқының 62,5 пайызы славяндар болғаны" жазылған. Басылым мұны манипуляция деп санайды. Ұлттық статистика бюросының дерегіне сүйеніп, жауап жазды.

"1989 жылғы Бүкілодақтық халық санағының нәтижесі бойынша, Қазақстанның солтүстігінде (Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Ақмола және Павлодар) халық саны - 3 981 936 адам; оның 60 пайызы славян халқы (орыс, украин және беларусь). Орыстар 47 пайыз, қазақтар 25 пайыз", - делінген хабарламада.

Сонымен қатар, басылым Қазақстанның мемлекеттігі мен территориялық тұтастығына күмән келтіретін риториканы да манипуляция деп атады. Мұны талдау үшін Совет Одағы құларда Қазақстанның солтүстігінде славяндардың көп болуының себебін түсіндіреді. Оған себеп: XIX ғасырда Ресей империясынан жаппай қоныс аударған шаруалар, Столыпиннің аграрлық реформасы, 1930 жылдардың басындағы ашаршылық, репрессия. 

Медведевтің "Қазақстан - қолдан жасалған мемлекет, бұрынғы Ресей территориясы. Мысалы, Гурьев, Семей, тіпті Алматы қаласы 1924 жылға дейін Верный деп аталды" деген мәлімдемесін жалған және манипуляция деді.

"Қазақстан - халықаралық қоғамдастық мойындаған тәуелсіз мемлекет, 1992 жылдан бері БҰҰ-ның толыққанды мүшесі. Кейбір ресейлік саясаткерлердің бұрынғы Ресей территориясы туралы уәжі басынан-ақ манипуляция.

Ресей империясының жерінде салынған Гурьев (Атырау қаласы), Семипалатинск (Семей қаласы) және Верный (Алматы қаласы. Қаланың атауы 1924 жылы емес, 1921 жылы өзгертілген) қалаларын патша әскерлері Қазақ хандығына тиесілі болған, отарланған жерлерге салған. Сонымен қатар, Семей қаласының негізі жоңғарлардың Доржынкит қаласынан алыс емес жерде қаланды, ал бір кездері Верныйдың орнында ортағасырлық Алмату қаласы болған.

Қысқаша айтқанда, қазіргі Қазақстан жерінде Ресей империясы мен Қазақ хандығына дейін басқа да мемлекеттік бірлестіктер болған. Ал мемлекеттердің шекаралары соғыстар мен қақтығыстар салдарынан үнемі өзгеріп отырған. Егер тарихқа жүгіне берсек, Қазақстанның да, Ресейдің де кейбір бөлігін басқа мемлекеттер талап ете алар еді", - делінген хабарламада.

Басылым Ресейдің экс-президентінің "Қазірдің өзінде Қазақстан билігі республика ішінде түрлі этникалық топты көшіру жөніндегі бастамаларды іске асыруды бастап кетті. Мұны орыстардың геноцидіне жатқызуға болады" деген мәлімдемесін де жалған әрі манипуляция деді.

"Мемлекеттің қолдауымен не ерікті түрдегі Қазақстандағы түрлі этникалық топтың ел ішінде қоныс аударуын орыстардың геноцидіне жатқызуға болмайды", - делінген хабарламада.

Сондай-ақ, басылым БҰҰ Конвенциясына сәйкес, "кез келген ұлтты, этносты, нәсілді не діни топты толығымен немесе ішінара жою мақсатында осындай топтың мүшелерін өлтіру, ауыр дене немесе психикалық зиян келтіру, белгілі бір топты толық не ішінара физикалық жоюға арналған өмір сүру жағдайын жасау, топтың ішінде бала тудырмауға бағытталған шаралар жасау, балаларды бір топтан екіншісіне мәжбүрлеп алып беру" сияқты әрекеттер ғана геноцид болып табылатынын айтты.

Бұған дейін де ресейлік саясаткерлер Қазақстанның территориялық тұтастығы мен мемлекеттілігіне шек келтіретін мәлімдемелер жасаған болатын. 2014 жылы Ресей президенті Владимир Путиннің "қазақтарда мемлекеттік болмады" деген мәлімдемесін былай қойғанда, тек кейінгі екі жылдың өзінде осындай риторика аз болған жоқ. 2021 жылғы сәуірде Қазақстанға қатысты өшпенділік сөздерімен танымал ЛДПР партиясының жетекшісі Владимир Жириновский Павлодар қаласының көшелерінің атауы өзгеруі туралы "Ресей әлемі өз шекарасын қалпына келтіреді және сол кезде тәртіп орнайды" деген. Ал журналист Маргарита Симонян қаңтардағы халық толқуына қатысты пікір білдіріп, Қазақстанның тәуелсіздігін "күлкілі" деп атаған. Кейін тележүргізуші Тигран Кеосаян Қазақстанда әскери парадтың өтпеуіне көңілі толмай, қазақстандықтарға "Украинаға қарап, байыпты ойлануға" кеңес берді.

С. Бөлек