Сабынды кесу: интернетте ләззат алудың жаңа жолы

Instagram-да не TikTok-та біреулер сабынды кесіп жатқанын, ұзын тырнақтарымен микрофонды ақырын ұрып отырғанын көрген боларсыз. Мұндай видеолар миллиондаған қаралым жинайды. Бұған халық неге құмар? Бұл не деп аталатынын білесіз бе? Massaget.kz тілшісі түсіндіреді. 

ASMR деген не?

Сабын кесу, микрофонға ақырын сөйлесу, тырнақпен ұру, бірнәрсені ұнтақтау және сол секілді түрлі контент қазір өте танымал. Аудиториясы кең. Мұны ASMR деп атайды. Яғни, автономды сенсорлық меридиандық реакция. Кембридж сөздігінде былай деп жазылған: адамдардың есту және көру тітіркендіргіштеріне (сыбырлау, қол қозғалысы, шайнау, ұнтақтау, түрту және т.б.) реакция ретінде жағымды сезім. Бұл сезім сонымен қатар эйфория және релаксация сезімімен бірге жүруі мүмкін.

ASMR терминінің өзі 2010 жылы АҚШ тұрғыны Дженнифер Алленнің арқасында пайда болды. Бойжеткеннің айтуынша, бірде ол ғарыш туралы видео көреді, сол кезде ерекше сезімдер туған. Ол сол видеодан кейін пайда болған "ми массажына" не себеп екенін түсінуге тырысқан. Біраз уақыттан кейін блогтардың бірінен "Біртүрлі, бірақ жағымды сезімдер" деген жазба тапқан. Желі қолданушылары пікірлерін оқығаннан кейін ол басқа адамдарда да осындай сезімдер барын түсінген. Кейін Дженнифер әлеуметтік желілердің бірінде ASMR Group деген топ ашыпты.

Кейінгі 12 жылда ASMR-ге қызығушылық артқаны сонша, қазір YouTube-те сондай контент түсіретін кем дегенде 500 мың канал бар екен. Осы уақыт ішінде олар 25 миллионға жуық видео түсірген. Ал кейінгі кезде ASMR видеолар Instagram мен TikTok-ты жаулап алды.

Адамдар ASMR-ге неге құмар?

Адамдар мұндай видеоларға неге құмар? Сіз де әлеуметтік желіде осындай видеоға тап болсаңыз, соңына дейін көретініңіз анық. Мәселе мынада, видео көріп отырғанда белгілі бір триггерлер болады. Олар префронтальды қыртыстың әлеуметтік мінез-құлыққа жауап беретін бөлігін ғана емес, марапаттау жүйесін басқаратын ми аймақтарын белсендіруге көмектеседі. Яғни, мұндай видеолар адамның бойындағы сүйіспеншілік пен қанағат сезімін жаңғыртады.

ASMR-видеода триггерлердің бірнеше түрін жиі кездестіруге болады, бірақ олардың тізімі үнемі жаңартылып отырады:

Дыбыстар. Бұл санатқа сыбырлау, тырнақпен түрту, қағазды умаждау, пернетақтамен мәтін теру, кітап парақтарын аудару, тіпті бір нәрсені тырнау жатады.

Визуал әсерлер. Кейбір адамға бояуды араластыру, жұмсақ заттарды кесу түсірілген видеолар ұнайды. Оған сурет салу да жатады. 

Аудиториямен тіке байланыс. Бұл адамға жеке көңіл бөлуді бейнелейтін жағдайлар. Мысалы, дәрігердің қабылдауы, шашты сәндеу немесе макияж. 

Тамақ. Мұндай видеоны түсіретіндер микрофон қасында тамақты шайнап, даусын қатты шығара жейді. Мұндай триггер тыныштандыратын әсер сыйлауы мүмкін.

Ұсақтау. Ерекше заттардың (кинетикалық құм, губкалар, сабын және т.б.) ұсақталғанын тапжылмай көретіндер де бар.

ASMR миға қалай әсер етеді?

ASMR туралы ғылымда зерттеу көп емес. Бұл құбылыс бойынша алғашқы ғылыми зерттеудің авторлары ASMR-видео көптеген адамның тыныштануына, демалуына немесе ұйықтауына көмектесетінін анықтаған.

ASMR саласындағы зерттеулер әлі де аз, бірақ ғалымдар ASMR әсерін сезінетін адамның миы қалай жұмыс істейтінін анықтауға тырысқан. Қалыпты жағдайдағы және осындай дыбыстарды тыңдау кезіндегі ми белсенділігін салыстыра отырып, зерттеушілер екі жағдайда да мидың әртүрлі бөліктері белсенді болатынын анықтады.

ASMR сыйлайтын сезімдер адамға бұрыннан белгілі және ағзаның жеке сипаттамалары саласында жатыр деген пікір бар. ASMR зерттеулерін жүргізу де қиын екені айтылады: оған сенсорлар бекітілген кезде адамның босаңсуы қиын, ал МРТ сканері басқа шу шығаратыны себеп.

Психолог не дейді?

Психолог Инна Чудинова ASMR-видеолардың феноменіне қатысты пікір білдірген. Оның айтуынша, адамды әрқашан жаңа нәрсе қызықтырады, мұндай видеолардың жақында пайда болуы бұл жерде үлкен роль атқаруы мүмкін.

"Сонымен қатар, бізде "үйір сезімі" деп аталатын нәрсе жиі болады, оның қысымымен адам өз көзқарасын өзгертуі мүмкін. Екінші жағынан, нәзік қыз көп тамақты жеп жатқанында эстетикалық ләззат картинадан емес, дыбыстардан туындайды. Инстинк осылай жұмыс істейді. Біз оны тыңдай бастағанда, белгілі бір рецепторлар, тәбет оянады", - дейді маман.