"Мұнда халық өте мейірімді". Желіде биі хит болған Зимбабве сарбаздары сұхбат берді

Желіде Зимбабве әскери күштері Қазақстандағы концертте сахнаға шығып, билегені бейнеленген видео тарап жатыр. Онда сарбаздар Шакираның Waka Waka атты әніне билеген. Зимбабве сарбаздары Massaget.kz тілшісіне сұхбат берді. 

Жамбыл облысы Қордай ауданындағы Гвардейский горнизонында халықаралық әскери ойындар өтті. Онда Зимбабве елінің сарбаздары Желіде танымал болды. Олардың сахнада әскери киіммен билегені TikTok желісінде жүздеген мың қаралым жинады.

Артиллериядан оқ ату шеберлері ойындарында Зимбабве құрамасының жетекшісі, майор Фумай Жеремая Ньемба Қазақстаннан алған әсерін бөлісті. 

"Бұл менің Қазақстанға алғаш рет келуім. Қазақстан өте жақсы ел, мұндағы халық өте мейірімді. Қазақ әскері туралы айтар болсам, олар да өте мейірімді, бізге келіп, бәрі жақсы ма, ешқандай проблема жоқ па деп сұрайды. Өте мейірімді және ықыласты армия! Жігіттер өте күшті, ақылды және тапсырмаларды орындауда тез әрекет етеді", - дейді ол. 

Ол концерт кезінде африкалық сарбаздар сахнаға шығып, билеуіне қатысты пікір білдірді.

"Бұл іс-шара Қазақстанның Африка халықтарына деген қонақжайлығын көрсетті. Жігіттеріміз өзін үйдегідей сезініп, қазақ ағайындардың алдында ұлттық билерін паш етті. Қазақстандықтар өте жақсы адамдар, ағылшын тілін білмесе де көмектесуге тырысады", - деді Фумай Жеремая Ньемба. 

Жарыста Қазақстан құрамасының жетекшісі Тілек Серікбаевтың айтуынша, жыл сайын ұйымдастырылатын шараға көршілес елдерден бөлек, биыл Зимбабве және Венесуэлла елдерінің өкілдері әскери тәжірибелерін көрсеткен.

"Зимбабведен келген қатысушылар көпшіліктің сүйіспеншілігіне ие болды. Олар осындағы жұртшылықты өзіне қарата білді. Көңілді әуендері, жарасымды билері, ұрандарымен өз командасына да сайыс қатысушыларының рухын көтеріп жатыр. Командалары ұтылып жатса да, позитив көңіл күйді жоғалтпай, Жеңіске жетелеу мақсатында қолдауларын аяп қалып жатқан жоқ. Біздің тараптан осы белсенділігін ескеріп, нақты бір шара ұйымдастыруды қарастырамыз", - дейді полковник Серікбаев.

Еске салайық, зимбабвелік әскерилер Қазақстандағы концертте Шакираның әніне билегені туралы бұған дейін жазғанбыз. Қорғаныс министрлігі баспасөз қызметінің өкілі видео Әскери халықаралық ойындар өткізілгеннен кейін түсірілгенін айтқан еді. Концерт Жамбыл облысындағы "Отар" әскери базасының мәдени-сауық орталығында өткен.

Сұхбат алған: Айдос Қосыбаев