Елордада алаяқтың әрекеті әшкере болды: ол науқас қыздың анасынан ақша сұраған

Елордада алаяқтың әрекеті әшкере болды: ол науқас қыздың анасынан ақша сұраған
Фото: Тұрар Қазанғапов

Қазақстанда алаяқтар көбіне науқас балаларды емдеуге қаражат жинайтын еріктілер секілді көрінеді, - деп хабарлайды "Астана" телеарнасы.

Олар халық көп жиналатын жерлерде, яғни саябақтарда, сауда орталықтарында және автобустарда адамдардан ақша сұрайды. Әсіресе, қарбалас уақытта.

Нұр-Сұлтан тұрғыны Әнел Жұмабаева сәуірде қызын емдетуге қаражат жинай бастаған. Ол әлеуметтік желілерде ақылы түрде ақша жинауға көмектесуге дайын әртістермен, сондай-ақ, күдікті еріктілермен сөйлескенін айтады. Олардың бірі өзін ерікті ретінде таныстырып, ақша жинауға келісім беруін сұраған. Әнел бас тартса да, ол өз қалтасын қалыңдату үшін ақша жинауды ұйғарған.

"Отбасымызбен саябақта серуендеп жүрсек, бір жігіт келді. Ол "еріктімін, Айнам Жұмабаева есімді қызды емдеуге ақша жинап жатырмыз" деді. Таңғалдық. Ол менің қызымның аты-жөнін айтты. Содан кейін одан күніне қанша ақша түсетінін сұрадық. Ол шамамен, 50 мың түсетінін, 10 пайызын жұмысы үшін алатынын айтты", - деді Әнел Жұмабаева.

Телеарна журналистері осындай жұмысқа адам алатындармен жасырын сөйлескен.

"Біз еркін еріктілікпен айналысамыз. 15 шоколадқа бес мың төлейміз. Осы отбасымен (ақша жинап жатқан - еск.) сөйлесе аласыздар. Бұл қор емес, еркін еріктілік. Жұмыс кестесі де еркін, бірақ күніне он бес шоколад сатқан жөн", - деген ол.

Ал көмек сұраған отбасының айтуынша, еріктілер оларды бірінші өздері тапқан. Олар көмек сұрамаған.

"Мен оны білмеймін, өзі жазды. "Мен сізге көмектесе аламын ба" деп сұрады. Сөйтіп, құжаттарды сұрады, жібердім", - дейді осы отбасының отағасы.

Ж. Қадыржанова