"Мама, көмектесші". Баласын өлімнен аман алып қалған ана хикаясы

"Мама, көмектесші". Баласын өлімнен аман алып қалған ана хикаясы
Фото: t-l.ru

Жанна (есімі кейіпкердің сұрауы бойынша өзгертілді - еск.) - күйеуінен 14 жыл бұрын ажырасқан жалғызбасты ана. Кенжесі Мансұр биыл мектеп бітіріп, жоғары оқу орнына құжаттарын тапсырып қойған. Оның арманы - психолог болу. Алайда бір жыл бұрын Жанна ұлы түлек атанып, ел қатарлы мектеп бітіру кешіне қатысады деп ойламаған. 

Мансұр - пандемия түлегі. Кейінгі екі жыл онлайн оқыған. Қазір нейролептик дәрісін қабылдап жүргеніне бір жыл болды. Психологқа жүгінгенде бірден "селфхарм" деген диагноз қойған. Ол кезде Мансұр 16-да еді. Жанна баласының тұйықталып, өзімен-өзі бола бастауы пандемия кезінде басталғанын айтады. Сабақ онлайн болған соң, достарымен көрісуден де қалған. 

Селфхарм - суицидтің алғашқы белгісі. Алдымен адам өмірден "қызық" таппайды, өзін-өзі жарақаттай бастайды, кейін қол жұмсайды. 

"Мама, көмектесші!"

Мансұрдың мұндай қылығына анасы бірден мән бермеген. Алдымен ұлы тұйықтала бастаған, біртүрлі өлеңдер тыңдап, дастарқан басына келмей, үйіндегілермен сөйлесуді қойған. Тіпті жаздыгүні ұзын жейде киіп, жеңін түсіре беретінді шығарған. Өмірге құштар, қызығушылығы көп баласының түңіліп жүргені анасына маза бермейді. Кейін анасы ұлының қолындағы ұсақ тілімдерді көргенін айтады. 

"Бір күні жаныма келіп, "Мама, маған көмектесші. Өзіме не болғанын түсінбеймін. Өмір сүргім келмейді. Мені өмірге неге әкелдің?" деді. Баламды құшақтап жұбата бастадым. Балаларыма көз жасымды көрсетпейтінмін. Бірақ бір рет баламның көзінше жылап қалдым. Ол жылағанымды көрсе де, міз бақпады", - деді әйел.

Жаннаның айтуынша, ұлы мұндай күйге ұшырағалы бері ұйқысы қашқан. Мансұр түнде ұйықтамайды. Ол ұйықтамаса, Жаннаға да ұйқы жоқ. Өзіне бірнәрсе істеп қояр деп анасы қатты қорқады. Төсегін Мансұрдың бөлмесінің табалдырығына салып жатады. Бірде салқын жел соққандай болған. Ұлының бөлмесіне кірсе, ұлы терезеге шығып, секіремін деген. Бұл осыдан бір жыл бұрын болған оқиға. 

"Сен секірсең, артыңнан секіремін"

"Аяғынан ұстап үлгердім. Құдай сақтағанда үйіміз 2-қабатта. Сен секірсең, артыңнан секіремін. Бірақ одан екеуміз де өлмейміз, көп болса, қабырғаларымыз сынып, төсекке таңылармыз. Бірақ өлім құшпаймыз дедім", - деді Жанна. 

Мансұр туғаннан ашық-жарқын, өмірге құштар бала. Сабағын да, қосымша үйірмелерді де алып жүрді. Бірақ бір мезгілде адам танымастай өзгеріп кетті. Бөлмесінен шықпайды, қолдарын тілгілеп тастайды, кейін тіпті жуынудан қалады.

"Алғашында бозбала ғой, гормондар шығар. Мүмкін қызымен ұрысып қалды" деп ойладым. Бірақ жағдай ушыға бастады. Маған мүлде дауыс көтермейтін балам "қойшы, араласпашы, сенің шаруаң емес" дегенді шығарды, қолындағы тілімдерді көріп, дабыл қаға бастадым", - деді Мансұрдың анасы. 

Анасының айтуынша, жасөспірімдермен жұмыс істейтін психолог маман өте аз. Селфхарммен айналысатын мамандар тіпті жоқтың қасы. Қалтасы көтеретін 3 психолог тапқан. Оның екеуі - әйел. Ұлы әйелдерге ашылмауы мүмкін деп, ер адамға әкелген.

Жанна психологқа балаларын ертіп келген бірнеше ата-ананы көргенде таңғалғанын айтады. Бір қызығы, балалардың киіну стилі, қолдарындағы тілімдері ұқсайды. Көбі 16-17 жас шамасында екен. Әйел балалар арасында мұндай мәселенің неге кең таралып жатқанын түсінбейді. Жасөспірімдермен жұмыс істейтін психолог мамандар көбейсе, мектепте психологтармен жұмыс дұрыс жүрсе деген ниетін айтты. 

Алдымен дәрігерге өзі кіріп мән-жайды түсіндіреді. Дәрігер бірден "селфхарм" деп жауап берген. 

Мәселенің түп төркіні - әкесі

"Дәрігер кабинетінің алдында балаларымен отырған шамамен, 15 ата-ананы көргенде таңғалдым. Көздерінде оты жоқ, қолдары тілім-тілім. Қыздар тіпті аяқтарын да тіліп тастаған. Мұндай проблеманың барын білмедім.

Ұлым психологқа ашыла бастады. Барлық басынан өткергенін психологпен бөліседі. Мәселенің түп төркіні әкесі екен. Кішкентайында қол көтергенін көрген соң, қатты қорқып қалған", - дейді Жанна.

Жанна күйеуімен ажырасқанына биыл 14 жыл. Одан кейін де күйеуі бірнеше рет үйленген. Ажырасқаннан кейін әкесі балаларын әкетіп жүрген. Бірде әкесі жүкті әйелін соққыға жыққанын көрген. Тағы бірде әкесі ұлын дзюдоға барасың деп қинаған. Баласына дзюдо техникасын көрсетемін деп қатты қылғындырған, бала қызарғаны сонша, өлемін деп ойлаған.

"Маған мұның бәрін психолог айтты. Әрине, мен оны кінәламаймын, менің де ағаттығым болған шығар. Не дегенмен, әкесіз ұл өсіру оңай емес. Үшкір заттарды жасырып қойыңыз деді. Бәрін тықтым. Ол қолын ұстарамен кесіп жүр екен", - деді анасы.  

Психологпен жұмыс жарты жылға созылған. Мансұрдың қылығы өзгермей, уақыт өте қолындағы тілімдер көбейе берген. "Ешкімге керегім жоқ. Өлгім келедіні" жиі айтқан. Кейін психолог психотерапевке жүгінуге кеңес береді. Психотерапевке жүгіну - балаңды ауру деп білу. Жанна ұлын есепке тұрғызудан да қорқады, бірақ баланың болашағы үшін қатты алаңдағанын айтады.

Психологқа жүгінбес бұрын Мансұр анализдің барлығын тапсырып, невропатолог, эндокринолог бақылауында болған. Анализ қорытындылары дұрыс болса да, баланың еңсесі көтерілмеді. 

Бір қорабы 48 мың теңге

Психотерапевт Мансұрға алдымен серотонин жазып берген. Бірнеше ай қабылдағанмен, одан өзгеріс болмады. Мансұрдың қалпы жақсармады. Бір күні дәрінің барлығын ішіп, өзіне тағы қол жұмсамақ болған.

"Үйге келсем, балам серотониннің бәрін ішіп қойған. "Мені түсінбейсің. Өлгім келеді" дегенді қайта шығарды. Дәрігерлер доза онша көп емес екенін, денсаулығына зақым келмегенін айтты", - дейді Жанна. 

Жүрегі қан жылаған ана осыдан кейін ұлына нейролептик беруді ұйғарыпты. Бір қорабы 48 мың теңге. Оның өзі жарты айға ғана жетеді. Мансұрдың бұл дәріні қабылдап жүргеніне бір жыл болған. Қазір қолын тілмейді. Жуынып, өзіне қарай бастады. Дәрігерлер дәрінің дозасын қысқартуға рұқсат берген. Мектепті аяқтап, оқу орнына құжаттарын тапсырған. Анасы баласының сауығуын тілейді, ал Мансұрдың арманы - өзі сияқты қиын жағдайға тап болған адамдарға сүйеніш болу.

С. Бөлек