"Бір әйелмен жәннатқа кірсеңіз, 4 900 әйеліңіз болады". ҚМБД өкілі уағызға қатысты пікір білдірді

"Бір әйелмен жәннатқа кірсеңіз, 4 900 әйеліңіз болады". ҚМБД өкілі уағызға қатысты пікір білдірді
Фото: Видео кадры

Әлеуметтік желідегі "Жәннаттағы хор қыздары" туралы уағызына байланысты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) түсініктеме берді. Бұл туралы басқарманың баспасөз хатшысы Ағабек Қонарбайұлы Facebook-парақшасында хабарлады. 

ҚМДБ мәліметінше, Абдулаxад Əбдісаттарұлы бұл уағызды студент кезінде, нақтырақ айтқанда 2017 жылғы 22 маусымда айтқан.

"2018 жылы шілдеде қателігін мойындап, негізі жоқ "хадисті" айтып, қоғамда түсінбеушілік тудырғаны үшін жамағаттан, жалпы тыңдаушылардан кешірім сұраған.

Бүгінде Абдулаxад Сманов ҚМДБ жанындағы "Талаба" студенттер қауымдастығының Сауд Арабия Корольдігі бойынша өкілі. Оны тағайындаудағы мақсат - шетелде діни білім алып жатқан студенттерді деструктив діни ағымдардың идеологиясынан сақтандыру, жастар арасында ҚМДБ мен мемлекет ұстанымдары туралы тиісті түсіндірме жұмыстарын жүргізу. Діни басқарма өкілі осы бағытта жұмыс істеп жатыр. Абдулахад Смановтың діни сенімі ҚМДБ ұстанымына қайшы келмейтінін мәлімдейміз.

ҚМДБ ата-бабамыз сан ғасырдан бері ұстанып келе жатқан ислам дінінің дәстүрлі ханафи мәзһабын насихаттайды. Ислам дінімен біте қайнасқан дәстүрімізді, әдет-ғұрпымызды, көпдінді, көпұлтты елімізде қалыптасқан құндылықтарды дәріптеу - Діни басқарманың басты жұмыс бағыттарының бірі болып қала береді", - делінген ҚМДБ хабарламасында.

Абдулаxад Смановтың бұл видеосын "Не молчи.кз" қорының басшысы Дина Таңсәрі Facebook парақшасында жариялаған болатын.

"Бір әйеліңізбен жәннатқа кірсеңіз, 71 әйеліңіз болады. Әр хор қызының 70-тен қызметшісі болады, яғни бір әйелмен жәннатқа кірсеңіз, 4 900 әйеліңіз болады. Сол кезде 2-3 әйел алмағандар бармақтарын шайнайды екен", - делінген видеода.

С. Бөлек