"Маған сеніңіз". Головкин Канеломен айқаста неге нокаут болмағанын айтты

Геннадий Головкин (42-1-1, 37 КО) Mayan Tiger Sports Journalist YouTube-арнасына берген сұхбатында Сауль Канело Альвареспен (57-2-2, 39 КО) өткен жекпе-жектер туралы айтып берді, - деп хабарлайды Vesti.kz.

"Ол екі жекпе-жек те оңай болған жоқ. Екеуіміз де ол айқастарда өзімізді толық көрсете алмадық. Сондықтан көпшілік үшін бұл кездесулер қызықсыз өтті, бірақ, маған сеніңіз, біз толықтай дайын шықтық. 

Біз дайын болғандықтан және бір-бірімізді жақсы білгендіктен, ол жекпе-жек нокаутпен бітпеді. Бірдеңе өзгерту ме? Мұндай деңгейде сен 100 пайыз барыңды саласың. Сондықтан бірдеңе өзгерту қиын", - дейді боксшы. 

Еске салайық, Головкин мен Канело арасындағы үшінші кездесу 17 қыркүйекте Лас-Вегаста өтеді. Боксшылардың алғашқы екі кездесуі де Лас-Вегаста өткен - біріншісінде тең түссе, екіншісінде Альварес төрешілер шешімімен жеңген болатын.