Балаңыз буллинг құрбаны екенін қалай анықтауға болады?

Балаңыз мектепте буллингке ұшыраса, яғни басқа оқушылар оны мазақ етіп жүрсе, не істеу керек? Ал, керісінше, балаңыз буллер болып, сыныптастарын мазалап жүрсе ше? Massaget.kz тілшісі психолог, Bilim Foundation қорының атқарушы директоры Жанат Досжановамен сөйлесіп, осы сұрақтардың жауабын алды. 

Балаға неге басқа біреуді мазақ еткен ұнайды?

Психологтың айтуынша, буллер, яғни басқаларды мазақ ететін бала да бұл жағдайда жәбірленуші болып саналады. Ол бұл жағдайда жазаланбайтынын, басқаларға қарағанда күшті екенін сезініп, қоғамға жат әрекет ететін тұлға қалыптасуы мүмкін. Баланың мұндай буллер болуына бірнеше себеп бар:

- шығармашылық белсенділік болмауы. Балалардың көпшілігі үшін өзін топтың бір бөлігі ретінде сезіну, эмоциялық жағынан бірігу маңызды. Егер мұндай белсенділік болмаса, балалар басқа біреуге қарсы бірігуі мүмкін. Бұл әсіресе агрессия мен ксенофобияға толы қоғамда тез пайда болады. Топ мүшелері басқа біреуді мазақ еткеннен құмарланады, ләззат ала бастайды. Біреуді мазақ қылуда әсіре белсенді балалар өзіне сенімсіз, басқалардың бағасына тәуелді болады, зорлық-зомбылықты бастан өткеруі мүмкін;

- агрессив орта, яғни қорқынышқа, зорлық-зомбылыққа, жауапсыздыққа толы орта. Бала отбасында, мектепте, аулада қандай тәрбие алып жатқаны маңызды;

- бұрын зорлық-зомбылық құрбаны болуы;

- қызбалық, ұшқалақтық;

- инерция күштері (жәбірленушінің өзі пассив агрессия танытуы, өзін бәрінен тым ерекше сезінуі, тәкаппар ұстауы; көпшілікті қабылдамайтынын көрсетуі, көпшілікке қарсы болуы).

Балаңыз буллинг құрбаны болса

"Егер бала мектепте буллинг құрбаны болса, ата-анасы мәселені шешуі керек. Баламен сөйлесіп, мүмкін болса, жағдайды білетін адамдардан да сұрау керек. Сынып жетекшісімен, мектеп психологымен сөйлесу қажет. Осы деңгейде мәселе шешімі болмаған жағдайда, мектеп директорына немесе тәрбие ісі жөніндегі меңгерушіге жүгіну керек. 

Мұғалімдер тарапынан да буллинг бар. Бұл жағдайда баланы қорлайтын мұғалімдермен тікелей сөйлесу керек, егер мұны түсінбесе, мектеп әкімшілігіне хабарласыңыз", - дейді психолог. 

Маманның сөзінше, буллингтен зардап шеккен балалар тобымен жұмыс істеудің дәлелденген және тиімді әдістері бар. Мұндай топпен білікті маман жұмыс істегені жақсы.

Сыныппен жұмыс баламен сөйлесу сияқты қадамдардан басталады: құбылысты атаңыз, өзін жәбірленушінің орнында қоюды сұраңыз, мұндайға жол беруге болмайтынын айтыңыз. Содан кейін мынадай қадамдар бар:

    • Әр балаға буллингке қатысуын бағалауды ұсыну;

    жаңа ережелерді бірге талқылап, қабылдап, жазып алып, көзге көрінетін жерге ілу;

    • топтағы оң өзгерістерді күнделікті есепке алу;

    іс-шараларды, топтың өмірін оның әрбір мүшесі өз таланттарын көрсете алатындай етіп ұйымдастыру, әр бала топқа пайдалы және құнды екенін сездіру. 

"Егер балаңызбен жақсы қарым-қатынаста болсаңыз, онда оның көңіл-күйі мен мінез-құлқындағы өзгерістерді байқау қиын болмайды. Ол кенеттен оқшауланып кетуі, ашуланшақ, агрессив болуы, жалғыздыққа ұмтылуы, қайғыруы, түңілуі, өзінің болашағы туралы пессимистік мәлімдемелер жасауы, басқалар, сыныптастары, мұғалімдері, достары туралы жағымсыз әңгімелер айтуы мүмкін.

Буллинг қауіпті, себебі ол өзін-өзі бағалауды, өзіне деген сенімді төмендетеді, мазасыздық пен депрессия дамуын тудыруы мүмкін, аутодеструктив мінез-құлықтың, соның ішінде суицидтік әрекеттердің қоздырғышына айналуы ықтимал, одан бөлек, скулшутинг, яғни мектепте атыс жасау туралы ойлар тууы ғажап емес", - дейді Жанат Досжанова. 

Маманның сөзінше, ата-ана баламен сөйлесуі, оны тыңдауы, баланы эмоцияларымен және іс-әрекеттерімен қорқытпауы, оны мәселесін айтқаны үшін қолдауы керек. Бала үшін реніш, ашу және қорқудың жетегінде отырып, асығыс шешім шығармаған жөн. Жағдай туралы қосымша ақпарат жинау қажет. Буллинг жасаған баланың ата-анасымен, оған жауапты ересектермен сөйлескен мақұл. 

"Бала өзі сенетін ересектен көмек сұрауы керек, ол ата-анасы, мұғалімі, сынып жетекшісі, мектеп психологы болуы мүмкін. Өзіңізге мұндай жағдайдан шығатын жол барын айтыңыз. Кем дегенде, іштей соған сеніңіз. Буллингті қалыпты жағдай деп санамаңыз және оған үйренбеңіз. Білікті маманға, психологқа жүгініңіз", - дейді Жанат Досжанова. 

Балаңыз буллер болса

Психологтың айтуынша, бала буллер болса негізгі міндет - сабырлық пен сыпайылықты сақтай отырып, не болғанын анықтауға тырысу. Оқиғаның бірнеше куәгерінен жақсырақ сұрап алу.

"Балаңыз бұзақы екені туралы ақпарат расталса, балаңызға, оған жол бергендерге қатысты агрессив мінез-құлықтан аулақ болуға тырысу керек. Егер эмоцияларыңызбен жалғыз күресу қиын болса, жақын адамдарыңызбен бөлісіңіз", - дейді ол. 

Баламен буллинг туралы қалай сөйлеспеу керек:

  • Ұрысу, айғайлау, ұру. Осылайша, сіз баланың әлем күштілер мен әлсіздерден тұрады деген сенімін нығайтасыз. Ал күштілер әлсіздерге агрессия көрсетеді.
  • Ұялту, өзін кінәлі сезіну. Ұят пен ұялудан, кінәлі болудан қорқу - буллердің осал тұстарының бірі, ол жәбірленуші арқылы өзін-өзі көтермелеуге итермелейді.
  • Жәбірленушінің сезімін, қайғы-қасіретін сипаттау арқылы аяушылыққа итермелеу. Бұл оның дәрменсіздігіне деген менсінбеуді одан сайын арттырады.

Ал қалай сөйлесу керек:

  • Жағдайды нақты айтыңыз: "Сендердің істеп жатқандарың - зорлық". Көбіне балалар не болып жатқанын түсінбейді, оларға бұл зиянсыз ойын немесе жеке дұшпандық көрінісі сияқты көрінуі мүмкін. Олар жағдайды жүйелі түрде қарастырмайды.
  • Нақты іс-әрекеттерді сипаттай отырып, өзін жәбірленушінің орнына қоюды сұраңыз: "Елестетіп көрші, сен сабаққа келесің, сенімен ешкім амандаспайды, саған қарап күле береді. Заттарыңды абайсызда еденге құлатып тастайды. Тест тапсыру кезінде арқаңнан қаламмен түртіп, артыңа бұрылсаң, мұғалімге "көшіріп жатқаныңды" айтып шағымданады. Үзіліс кезінде сені итеріп, дәретханаға қамап тастайды, содан кейін портфеліңді жасырып, кітаптарыңды қоқыс жәшігіне тастайды".
  • Болып жатқан жағдайға өз көзқарасыңызды көрсетіңіз: "Бұл тек сенің емес, бүкіл топтың (сынып, компания) күрделі проблемасы. Бір адамға емес, ұжымдарға әсер ететін проблемалар, аурулар бар. Саған да солай болды. Сендерге көмек керек".
  • Буллинг туралы бірге фильм көріңіздер.
  • Баламен қарым-қатынасыңызды, отбасындағы қарым-қатынасты талдаңыз, мұндай мінез-құлықтың тамырын түсінуге тырысыңыз. Көбіне бала басқалардың өзіне істегенін қайталайды немесе көргені мен естігенін жасайды. Онымен сыйластық, жалпы адамзаттық құндылықтар туралы сөйлесіңіз, оның мінез-құлқын екінші жағынан көрсетуге тырысыңыз.