"Қажылыққа апарамын деген". Алматылық фирма Меккеге барғысы келгендерді алдап соққан

"Қажылыққа апарамын деген". Алматылық фирма Меккеге барғысы келгендерді алдап соққан
Фото: Тұрар Қазанғапов

Алматыда ER-Alico Rauda туристік компаниясына қатысты алаяқтық бабы бойынша тергеу жүргізіліп жатыр. 20-дан аса адам осы туроператорға жалпы көлемі 60 миллион теңге берген. Осылайша, бес парызының бірін орындамақ болғандар алданып қалған, - деп хабарлайды "КТК" телеарнасы. 

Телеарна мәліметінше, компания клиенттерін Меккеге апармаған, ақшасын да қайтармаған. Жұрт туристік агенттік алдына жиналып, шу шығарған.

Қала тұрғыны Ғұламсахи Айтқожа жұбайымен бірге өмір бойы үлкен қажылыққа баруды армандап, қаражат жинаған. Биыл туған-туыс пен ауыл-аймақ жұмылып, қарияға жетпеген ақшаны жинап берген. Сөйтіп, зейнеткер осыдан үш ай бұрын туристік компанияға 4 миллион 400 мың теңге берген. Алайда сол уақыттан бері не қасиетті мекенге жете алмай, не қомақты қаражатын қайтара алмай, сабылып жүр.

"Умраға бармадық. Бірінші парызымызды, Алланың қарызынан құтылайық деп ниет қылғанбыз ғой. Ақшамыз жоқ, баратын есігіміз жоқ. Үйге барайық десек, туысқандар мен кешегі берген адамдар келіп, "не қылдыңдар?" дейді. Не дерімізді білмейміз", - дейді Ғұламсахи Айтқожа.

Жұрт полицияға арыз жазса да, іс қозғалмай отырғанына қапалы.

"Алғашында танысып, ақшамызды өткізген кезде бұл кісі "біз алдамаймыз, ІІМ-нің зейнеткерімін, отставкадағы полковникпін" деп мақтанып айтатын еді. "Талай рет Умраға барғанмын, қажылық өтегенмін, намазханмын" дегеннен кейін бәріміз сеніп қалдық. Пенде болғаннан кейін", - дейді Марат Уәлиев.

Агенттік басшысы "Алматыда емеспін" деген. Ол қаражатты осы айдың соңына дейін толық қайтарамын деп сендірген.

"Олар бөліп-бөліп қайтарып жатыр. Мен келіскен қаражатты алған компания адамдарды алып кетпеді. Маған айтқан себебі  "ұшаққа төледік, басқаға төледік, сіздің қаражат толық түспеді" деді. Бірақ оларға толық төленген. Солар қазір қаражатты қайтарып жатыр. 20 мың, 800 доллар қайтарды. Қажылардың өзі көрді, алды. 10 қажы алды. Енді қалған қажыларға қайтарамыз", - дейді ол.

Телеарна мәліметінше, компания басшысы "бір бөлігі қайтарылды" деп отырған қаражат ешкімнің де қолына тимеген. Қазір полицейлер алаяқтық дерегі бойынша тергеу жүргізіп жатыр. Қылмыс анықталса, компания басшысы 3 жылдан 12 жылға дейін жазасын өтеуі мүмкін.

"Алматы қаласы Түрксіб ауданы Полиция басқармасына қарасты жергілікті 6 тұрғын шағымданған. Олар келісімшарт талаптарын орындамаған фирманың жетекшілеріне шағым түсірді. Бұл дерек Қылмыстық кодекстің 190-бабының нормаларымен бірыңғай соталды тізімге енгізіліп, қазір арнайы жедел іздестіру тобы құрылды. Заң бұзған болса, заң шеңберінде жауап береді", - дейді Алматы қаласы ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Ал Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жылда қасиетті жерге апаратын туристік компанияларды іріктеуден өткізіп, талаптарға сай келетіндерге ресми рұқсат береді. Биыл қажылықпен айналысуға тек 14 туроператорға рұқсат берілген. Басы дауға қалған Er-Alico Rauda компаниясы оның ішіне кірмеген.

Ж. Қадыржанова