Зорланғаннан кейін 10-қабаттан секірген қызға қатысты жаңа деректер шықты

Зорланғаннан кейін 10-қабаттан секірген қызға қатысты жаңа деректер шықты
Фото: Тұрар Қазанғапов

Павлодарлық дәрігерлер зорланғаннан кейін 10 қабатты үйден секіріп кеткен жасөспірімнің жағдайын айтты, - деп хабарлайды Pavlodarnews.kz.

Басылым мәліметінше, қазір зардап шеккен жасөспірімнің жағдайы тұрақты, бірақ ішкі ағзалары мен сүйектері зақымданғанына байланысты жарақаттары ауыр.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы мәліметінше, қыздың жағдайы өте ауыр болған, ол ұзақ уақыт жансақтау бөлімінде жатқан. Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығымен бірнеше рет телемедициналық кеңес өткізілген.

"Дәрігерлер оның өмірі үшін күресіп, аман сақтап қалды. Әрине, оның өміріне қауіп төнді, өйткені мұндай жарақаттармен аман қалу өте сирек кездеседі. Реаниматолог, травматолог, хирургтер, облыстық балалар ауруханасының көп салалы мамандарының шеберлігі мен күш-жігері өз нәтижесін берді. Қыз аман қалды", - дейді басқарма өкілі. 

Еске салайық, бұған дейін Павлодарда Жастар үйінің кәмелетке толмаған тәрбиеленушісін зорлады деген күдіктілер ұсталғаны хабарланған болатын. Зорланғаннан кейін 16 жастағы қыз 10 қабатты үйдің терезесінен секіріп кеткен. Ол ағаштарға құлап, аман қалған. 

Ж. Қадыржанова