Жігіттіктің көрінісі ме? Неге қазақстандықтар көшеде түкіреді?

Қазақстанда басқа адамдардың көзінше ерлер қауымы жерге түкіретін сәтті жиі байқауға болады. Бұл мінез-құлық нені білдіруі мүмкін? Бұл сұраққа жауап алу үшін Tengri Lifestyle психологтарға жүгінді.

Наразылық пен жігіттіктің көрінісі

Сарапшылар көшеде түкіруді көбіне психологиялық факторға жатқызуға болады деп есептейді. Мәселен, психолог Ильдар Акбутин көшеде түкіру бала кездегі қатаң ережелерге байланысты қоғам мен ата-анаға наразылықтың бір түрі деп санайды. Бала кезде мұндай адамдарға ата-анасы үнемі өздерінің беделін баса көрсетіп, "үйдің қожайыны кім" екенін еске салып отырған. Мұндай адамдар үшін түкіру - қоғамға немесе ата-анаға шағын үндеу.

Сонымен қатар, отбасылық жеке психотерапия бойынша сарапшы Александр Созончуктің сөзінше, көптеген ер адам үшін түкіру - еркектіктің көрінісі. Өйткені әйелдер мен зиялы қауым бұлай істемейді. Оның айтуынша, бұл мінез-құлық ерлер арасында, мысалы, әскерде немесе жазасын өтейтін орындарда көрінеді.

Мәдениеттің болмауы мен толық жетілмеу

Психолог Қайыржан Сапа көшеде түкіру адамның мәдени деңгейі мен толық жетілуінен хабар беретінін жеткізді.

"Адам өзімен жұмыс істеген кезде өз-өзін бақылайды. Ол оның мінез-құлқы адамдардың өзін қалай қабылдайтынына байланысты екенін түсінеді. Кемел, толысқан адам биік мақсат, өз-өзін тәрбиелеу және өзін дамыту туралы ойлайды және ішкі әлсіздікке бой алдырмайды, түкіргісі келмейді", - деді сарапшы.

Наразылық көрсету

Психологтың айтуынша, көшеде түкіру қазіргі маргиналдың белгісі болуы мүмкін, оған өмірдің жаңа ережелерін қабылдау қиын.

"Қиын жұмыс, күйзеліс, ақша тапшылығы, үлкен шығынды моральдық жағынан қандай да бір жолмен жеңілдету үшін адамдар наразылық білдіруге тырысады", - деді ол.

Қайыржан Сапа өмірде қиын кезең болуы бұл жағдайды ақтамайтынын айтты.

"Түкіру - кез келген этикалық нормаларға сәйкес дұрыс әрекет емес, жиіркеніш тудырады. Сонымен қатар, қала көшелері мен алаңдары, балаларға арналған алаңдар мен демалыс орындары қорқынышты сипатқа ие болады. Бұл - ауру таралуының көзі", - деп түйіндеді сарапшы.

Айта кетейік, Сингапур сияқты елдерде және Үндістанның кейбір штаттарында көшеде түкіруге тыйым салынған.