Павлодарда бойжеткен зорланғаннан кейін 10 қабатты үйден секіріп кеткен

Павлодарда Жастар үйінің кәмелетке толмаған тәрбиеленушісін зорлады деген күдіктілер ұсталды. Оқиғадан кейін 16 жастағы қыз 10 қабатты үйдің терезесінен секіріп кеткен. Павлодарлық қыз ағаштарға құлап, тірі қалған. Қазір ол ауруханада жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz

Дина Таңсәрі оқиға туралы Facebook-парақшасында жазған. Қоғам белсендісінің айтуынша, оған жәбірленушінің әпкесі көмек сұрап жүгінген, екеуі де жетім.

"Сол күні қыз туған күн тойлап жатқан топта болған. Кейін өзін жайсыз сезініп, қайтуды ұйғарған. Бірақ, қаланы білмей, адасып қалған. Жолда үш жігітті кездестірген, олардың бірі әпкесінің сыныптасы болып шыққан. Ол қызды бірге жүруге көндіріп, такси шақырып, оны әпкесіне жеткізуге уәде берген. Ал содан кейінгісі қорқынышты түстей болған. Әпкесі оны іздеп қоңырау шалған, бірақ телефонды жігіттер өшіріп қойған. Бойжеткенді алдап пәтерге кіргізіп, зорлаған, ол шыдай алмай, 10 қабатты үйдің терезесінен секіріп кеткен", - деп жазды ол.

Оның айтуынша, кәмелетке толмаған қыз ұзақ уақыт жансақтау бөлімінде болған. Қазір ол палатаға ауыстырылған.

"Оның омыртқасы сынған, ішкі ағзаларына зақым келген, салдарынан ішкі органдары қабынған, бұл мидағы процестерге әсер етеді, ол көру және есте сақтау қабілетін тез жоғалтады. Қызға төрт ота жасалды, алда тағы жасалады", - деді қоғам белсендісі.

Павлодар облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметі мәліметінше, қыз зорлады деген күдіктілер ұсталған.

"Павлодардағы кәмелетке толмаған қызды зорлау ісі облыстық Полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында. Күдіктілер ұсталды. Кәмелетке толмаған баланы зорлау дерегі бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 120-бабы 3-1-бөлігі "Кәмелетке толмаған адамға қатысты ​​зорлау", 121-бабы 3-1-бөлігі "Кәмелетке толмаған адамға қатысты сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері" және 105-бабы "Өзiн-өзi өлтiруге дейiн жеткiзу" бойынша соталды тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Бірқатар қажет сараптама тағайындалды", - деп түсіндірді ведомствоның баспасөз қызметі өкілдері.

Айта кетейік, 120 және 121-баптардың санкциясында белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыру, 15 жылдан 17 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазалары көзделген.