"Жоғары оқу орнына түсе алмадым, енді өмірім не болмақ?" Психолог кеңесі

Таяуда грантқа түсіп, жоғары оқу орнында тегін оқуға мүмкіндік алған түлектер тізімі жарияланған. Олардың қуанышынан бөлек, ҰБТ-да шекті балл жинай алмай қалғандардың өкініші бар. Олар биылғы тестілеу қорытындысы бойынша жоғары оқу орнына түсе алмайды. Massaget.kz тілшісі психолог Анаргүл Маулиқызымен сөйлесіп, ҰБТ-да шекті балл жинай алмай қалған балаларға қалай қолдау көрсету керегін айтты.

Маманның айтуынша, университетке түсе алмай қалған жағдайда балада да, ата-анада да ең бірінші қорқыныш туындайды. "Өмірім енді не болмақ? Қатарымнан қалатын болдым. Достарым алдында беделім түсті" - деген ойлар жас түлекте міндетті түрде пайда болады.

"Қорқыныш - ол алдыңда не күтіп тұрғанын білмеу, жағдайды жаман оймен ушықтыру. Жоғары оқу орнына түсе алмаған түлектер психологиялық қандай дағдарысқа ұшырайтынын айтсақ: емтихан, әрине, ол маңызды жағдай, бірақ әр оқушы ҰБТ кезінде, сондай-ақ ұпай жинағаннан кейін оны не күтіп тұрғанын жақсы білуі керек.

Ата-ана баласына қандай жағдай болмасын, яғни грантқа оқуға түсе алмаса да, ақылы оқу орнына түсуге ұпай жетпесе де, қолдау білдіруі қажет. Бұл тұста ең маңыздысы сөйлесу - "Сенің қолыңнан бәрі келеді", "Сенің басқа қабілетіңді қолдануға мүмкіндігің бар", "Биыл болмаса да ендігі жылы тағы тапсыруға мүмкіндігің бар", "Біз сені жақсы көреміз, өмірде оқуға түсе алмаған адам қаншама" деген секілді. Одан бөлек, оқуға түсе алмаса да, жетістіктерге қол жеткізген адамдардың тарихын айтуға болады", - дейді психолог. 

Ата-ана баласымен мынадай жұмыстар атқаруы керек:

  1. Егер қажетті ұпай жинай алмасам, мынадай перспективалар қарастыру - ҰБТ-ны қайта тапсыру, басқа білім ордасына түсу, репетитормен сабақ бастау, жұмысқа тұру, бизнес бастау, арнайы курстардан өту және т.б., яғни жағдайды түзетуге болатын бірнеше нұсқа дайындау керек.
  2. Әртүрлі күтпеген жағдай болуы мүмкін. Аутотренинг, яғни адамға жақсы әсер ететін, өзін-өзі сендіре алатын сөздер айту. Мысалы, "Менің қолымнан бәрі келеді", "Мен әлі-ақ көптеген жетістікке қол жеткіземін". Шынында да, жақсы әсер ететін сөздерді таңдау маңызды.

"Осында және қазір" өлшемімен өмір сүру керегі туралы ақпарат берген жөн. Өмірде емтихан тапсыру қажет болатын жағдай өте көп. Өмірде бәрі мінсіз бола бермейтінін ескеріп, ата-ана, оқушы, мұғалім барлық жағдайға өзін психологиялық жағынан дайындап, стресс алудың алдын алу қажет екенін түсінген жөн", - дейді Анаргүл Маулиқызы. 

Сонымен қатар, маман грантқа не ақылы түрде жоғары оқу орнына түскен достарына қызыға қараудың да керек емесін айтады. Себебі өмірдің бұл кезеңі әлі мәреден алыс екенін, әлі бәрін қуып жетіп, оза шабуға болатынын ұмытпау керегін ескертті.  

"Ең бастысы, қазіргі сәтпен өмір сүріп, басқа мүмкіндік қарастырып, өз-өзін дамыту, ендігі жылы оқуға тапсыруға мүмкіндікті қолдану, дайындалу, қысқа мерзімді курстардан өтіп, кәсіп бастап көру. Адам әрқашан да әр салада өз-өзін іздейді, сондықтан қайғыра бермеу керек. Өз-өзін басқамен салыстырмай, өз күшіне сенуге ынталану қажет", - дейді психолог. 

Мысал ретінде, маман бүгінде белгілі бір проблемаларға байланысты оған жүгінген клиенттерінің ішінде кезінде жоғары оқу орнына түсе алмағандар барын айтты. Ал олар қазір өз ісінің маманы не үлкен кәсіпкерге айналған. 

"Өмірде алда не күтіп тұрғанын ешкім білмейді. Дегенмен, жақсы ой мен өз-өзін жігерлендіріп, еңбек еткен адам қашан да жетістікке жетеді. Психология саласындағы еңбек жолымда соған көзім анық жетті", - деп түйіндеді Анаргүл Маулиқызы.